
Халықаралық EXPO көрме орталығында Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аталған іс-шара оқырмандарды, авторлар мен баспагерлердің басын қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көрме кеңістігінде классикалық және заманауи қазақ әдебиетімен қатар, қазақ тіліндегі әлем әдебиетін ұсынатын еліміздің жетекші баспалары өз өнімдерін таныстыруда. Келушілер үшін танымал кітаптардың авторларымен автограф-сессиялар ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Бұл мүмкіндік оқырмандарға жазушылармен тікелей тілдесіп, өз сұрақтарын қоюға жол ашады.
Сонымен қатар, келушілерді интерактивті іс-шаралар да күтеді: «Наурыз» тақырыбындағы викторина және «Смайликтер арқылы кітап атауын тап» ойыны жәрмеңкені одан әрі қызықты етіп, бүкіл отбасы үшін тартымды етеді.
Жәрмеңкенің тағы бір маңызды бөлігі — Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының экспозициясы. Мұнда елдің кітап мұрасын құрайтын бірегей басылымдар ұсынылған. Бұл – Қазақстанның тарихы, тілі мен мәдени жадын сақтаған құнды дүниелерді көруге берілген сирек мүмкіндік.
Еске сала кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында елордада өтетін 200-ден астам іс-шара концерттер, ұлттық ойындар, мастер-класстар, жәрмеңкелер мен салт-дәстүр арқылы дәстүр мен заманауи форматтар тоғысып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1186660?lang=kk

Жауап қалдыру