
Қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеген мазмұнды бағдарлама ұсынылып, көктемгі жаңару мен бірлікке толы концерттік қойылымдар ұйымдастырылды. Таңертеңнен бастап орталық алаң әуезді музыкаға, халықтық рәсімдерге және ақжарма құттықтауларға толды.
Кешкі уақытта мерекелік шаралар орталық алаңда жалғасын тауып, көпшілік жиналған ауқымды гала-концерт өтті. Жүргізушілер қонақтарды қарсы алып, кештің салтанатты көңіл күйін қалыптастырды. Концерт «Наурыз» әнімен ашылды.
Көрермендер Дана Мәжитованың орындауындағы «Желдірме» күйін, сондай-ақ Әбдіжаппар Әлқожаның танымал әндерін жылы қабылдады. Кештің сәнін «Қоңыр» тобының халық әндері мен Ғазизхан Шекербектің лирикалық шығармалары келтірді.
Жиналған жастар әсем әндерге қосылып, би билеп, ерекше көңіл күйге бөленді. Облыстық филармония әртістері орындаған «Ата дәстүр» композициясы кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды. Ал танымал әнші Нұрболат Абдуллиннің хит әндері көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Кеш «Наурыз-көктем» атты қорытынды әнмен аяқталып, барлық өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырды. Бұл шығарма мерекенің символдық түйініне айналды.
Жалпы, облыс орталығында өткен Наурыз мейрамы достық, бірлік пен шаттық атмосферасында өтіп, бұл мерекенің адамдарды біріктіріп, жүректерге жылулық сыйлайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1186740?lang=kk

Жауап қалдыру