Ақтауда түркі жүрегінің дүрсілі естіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Ақтау — Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерекелік іс-шарасына халық лек-лек болып ағылып жатыр. Жер-жерден келген көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі, әсері ерекше. Түркі халықтарының басын қосқан бұл айтулы күн бауырлас елдердің бірлігі мен мәдени байланысын жаңа белеске көтеріп жатыр.

Қарақия ауданынан арнайы келген Ерлан Қарақұлов бұл ауқымды шара түркі халықтарының бірлігін нығайта түсетінін айтты.
«Бүгін «Ақтау — Түркі халықтарының мәдени астанасы» деп әлемге паш етіп жатырмыз. Жер-жерден, түкпір-түкпірден, көрші мемлекеттерден келген дүйім халықтың басы қосылып жатыр. Мұның өзі керемет ғанибет көрініс. Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен бауырларымыз келіп жатыр. Бұл біздің болашақ қарым-қатынасымызға, ынтымағымызға ықпал етпек. Әрқашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Кешке бұйырса Димаш баламыз келеді. Көрші мемлекетіміздегі «Ялла» тобы келеді деп жатырмыз. Бәріміз тамаша көңіл-күйде тамашалайық. Мереке мерекеге жалғассын», – дейді Ерлан Қарақұлов.

Жаңаөзен қаласынан арнайы келген Гүлзипаш Аймағанбетова да Ақтау қаласы — түркі халықтарының мәдени астанасы болғанына шын қуанып, өз әсерімен бөлісті.

«Бір әулеттің жеті тумалас қызы болып, жиналып келдік. Міне, Аллаға шүкір. Халықтың көңіл-күйі өте күшті. Өңіріміздің әр ауылы келіп өз киіз үйлерін тігіпті. Ежелгі халқымыздың ұмыт болған салт-дәстүрі жаңғырып, дәріптеліп жатыр. Түркі әлемінің бағзы замандағы мәдениетіне тап болғандай күйдемін. Жақында ғана өңірімізден бес мың адам ұлттық киіммен шығып Гиннестің рекордтар кітабына енген. Біз ол кезде де ұлттық киімімізді киіп келген едік», – деді Гүлзипаш Аймағанбетова.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Майра Мерекеқызы мұндай ауқымды мерекелік іс-шара шахарымызда бірінші мәрте өтіп жатқанын айтып, керемет көңіл-күйде тұрғанын жеткізді.

«Біздің мәрмәрдай Ақтау қаласында жиі-жиі осындай шаралар өтіп жатыр. Әсеріміз ерекше. Кешегі өткен 22-інші наурыз — Ұлыстың ұлы күнінде де облысымыз бүкіл әлемге өзінің дәстүр-ғұрпы мен ұлттық киімін насихаттап, рекорд жасаған едік. Бүгін ауа-райы да керемет болып, күннің нұр-шұғыласы шашырап тұр. Кешке үлкен сахнада болатын гала-концертке де қатысамыз», – дейді Майра Мерекеқызы.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971605?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді