Вакцинация – аурулардың алдын алу тәсілі!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Вакцинация – аурулардың алдын алу тәсілі!

 

Вакцинация – адам ауру қоздырғыштарымен байланысқа түспей тұрып, олардан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді тәсілі. Вакцинация ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін іске қосып, бірқатар жұқпалы ауруларға қарсы тұрақтылық қалыптастырады және иммундық жүйені күшейтеді.

 

Аурулар сияқты, вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелерді өндіруге «үйретеді». Алайда вакциналар құрамында тек әлсіретілген немесе жойылған қоздырғыштар (вирустар немесе бактериялар) болады, олар ауру туғызбайды және асқынулар қаупін тудырмайды.

 

Вакциналардың көпшілігі инъекция түрінде енгізіледі, бірақ ауыз арқылы қабылданатын (пероральды) және мұрын арқылы енгізілетін (назальды аэрозоль) вакциналар да бар.

 

Вакциналар ауру қаупін төмендетеді, себебі олар ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін белсендіріп, қоздырғышқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Вакцинация иммундық жауаптың дамуына ықпал етеді.

 

Біздің иммундық жүйеміз «жадыға» ие. Бір немесе бірнеше доза вакцина алғаннан кейін, адам белгілі бір ауруларға қарсы ұзақ жылдарға, тіпті өмір бойына қорғанысқа ие болады. Сондықтан вакциналар – өте тиімді құрал. Ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді.

 

Вакцинация екі негізгі себеп бойынша қажет: ол өзіңізді де, айналаңыздағы адамдарды да қорғайды. Кейбір адамдарға (мысалы, жаңа туған нәрестелерге, ауыр науқастарға немесе белгілі бір аллергиясы бар адамдарға) екпе жасауға болмайды, сондықтан олардың қорғанысы айналасындағы адамдардың вакцинацияланғанына байланысты.

 

Қазақстан Республикасында балалар мен ересектерді вакцинациялау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс талаптарына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасының ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, халықты 11 жұқпалы ауруға қарсы иммундау қарастырылған: полиомиелит, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, В вирусты гепатиті, туберкулез, гемофильді және пневмококкты инфекциялар. Сонымен қатар, балаларға А вирусты гепатитіне қарсы екпе жүргізіледі.

 

Иммунопрофилактикадағы медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті – әрбір баланың уақтылы және толық егілуді қамтамасыз ету. Осы мақсатта республикалық және жергілікті бюджеттерден жыл сайын жеткілікті қаржы бөлініп, балалар мен ересектерге ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес тегін иммундау жүргізіледі.

 

Дені сау жаңа туған нәресте перзентханада өмірінің алғашқы 12 сағатында В вирусты гепатитіне және туберкулезге қарсы екпе алуы тиіс. Бір жасқа дейінгі кезеңде бала тұрғылықты жері бойынша емханада көкжөтелге, сіреспеге, дифтерияға, полиомиелитке, В вирусты гепатитіне, гемофильді және пневмококкты инфекцияларға қарсы егіледі. Бір жасында бала қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, полиомиелитке және пневмококкты инфекцияға қарсы егілуі тиіс.

 

Кейін иммунитетті сақтау үшін бала белгілі бір уақыт аралығында қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, сіреспеге, көкжөтелге, дифтерияға, гемофильді және пневмококкты инфекцияларға қарсы қайта егулер алады. Ересектер 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын сіреспе мен дифтерияға қарсы екпе алуы тиіс (тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны бойынша емханаларда).

 

Әрине, ешбір вакцина 100% қорғанысқа кепілдік бермейді. Алайда эпидемиялардың алдын алу үшін халықтың басым бөлігі егілген болуы жеткілікті. Балаларына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар тек өз балаларының ғана емес, басқа балалардың да жұқтыру қаупін арттырады.

 

Әрқашан есте сақтау қажет: ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда жеңіл!

 

Науырзым АСЭББ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-naurzum-audany-akimat/press/news/details/1188736?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді