
«Қолына домбыра алған тәртіп сақшылары: ШҚО полицейлері әлемдік рекорд орнатуға атсалысты»
Бүгін Өскемен қаласының орталық алаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Наурыз мейрамына арналған айрықша шараның бел ортасында болды. Мереке аясында «Ақбұлақ» күйін мыңдаған домбырашының бір мезетте орындауы бойынша әлемдік рекорд тіркелді.
Республика алаңында 5 мыңнан астам домбырашының үні үйлесім тауып, бұл тарихи жетістік ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, 20 полиция қызметкері де домбырада шебер ойнап, ұлттық өнерді ұлықтаған осынау тарихи сәтке ортақтасты.
Бұл қадам тәртіп сақшыларының тек қызметте ғана емес, рухани құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерге де адал екенін айқын көрсетті. Полицейлердің бұл қатысуы халық пен полицияның бірлігін одан әрі нығайта түсті.
Шараға өзінің кішкентай қызы Оразбекова Айлана Арсэнқызымен бірге қатысқан полиция майоры Қайыпова Динара Беспаевна ақжарма тілегін білдірді:
«Мен үшін бұл күннің маңызы зор. Қасиетті домбыраның үнімен әлемдік рекорд орнатылған сәтте қызымның қасымда болуы – мен үшін үлкен бақыт. Мұндай тағылымды сәттер елді біріктіріп, ұрпақ жадында мәңгі сақталады».
Өңірдегі Наурыз тойы мазмұнды бағдарламамен өрнектеліп, мыңдаған тұрғындар мен қонақтардың басын қосты. Бұл мереке – ел бірлігі мен бабалар салтының сабақтастығын айшықтаған айрықша оқиғаға айналды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1188302?lang=kk

Жауап қалдыру