Қазақстан мен Вьетнам су ресурстары және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасының Елшісі Қанат Тумыш Вьетнамның Метеорология, гидрология, қоршаған орта және теңіз ғылымдары институтының (Institute of Meteorology, Hydrology, Environment and Marine Sciences, IMHEMS) директоры Фам Тхи Тхань Нга ханыммен (Pham Thi Thanh Nga) кездесті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі бағыттары мен ғылыми және экологиялық салалардағы бірлескен жұмыс перспективалары талқыланды.

Тараптар 2025 жылы дипломатиялық қатынастардың 33 жылдығын атап өту аясында Қазақстан мен Вьетнам стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, бұл гидрология, су қауіпсіздігі, климатқа бейімделу және экологиялық даму салаларында ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Қазақстан Елшісі вьетнамдық тарапты су саласындағы еліміздің басымдықтары, соның ішінде халықаралық су ұйымын құру бойынша Қазақстан Президентінің бастамасы туралы хабарлады. Бұл бастама жаһандық су мандатын біріктіруге және халықаралық су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғанын тілге тиек етті. Вьетнам тарапы 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға мүдделілік білдіріп, тәжірибе алмасуға және ғылыми ынтымақтастыққа дайындығын танытты.

Кездесу барысында жаһандық су мәселелеріне, оның ішінде халықаралық сын-қатерлерге, оның ішінде трансшекаралық ресурстар мен климат өзгерісі салдарына тиімді жауап беру тұрғысынан БҰҰ басқару құрылымын реформалау қажеттілігіне, саясат үйлесімділігін жақсартуға және су мандатын біріктіруге қатысты мәселелер қаралды.

Институт директоры Фам Тхи Тхань Нга ханым IMHEMS қызметі таныстырылып, Вьетнамның ЮНЕСКО бағдарламаларына, соның ішінде Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасына белсенді қатысатынын айтты. Бағдарлама ғылыми ынтымақтастық, су ресурстарын бақылау, сел мен құрғақшылық тәуекелін басқару және кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталғанын жеткізді.

2025 жылғы қазан айында Вьетнам төрағалығымен өткен Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша ЮНЕСКО Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасының 32-сессиясына және 2026 жылғы қыркүйекте Қытайда өтетін 33-сессияға назар аударылды. Институт директоры Қазақстан тарапын Вьетнам төрағалығымен өтетін халықаралық іс-шараларға, соның ішінде 2026 жылғы 15 мамырда  өтетін Метеорология, гидрология, қоршаған орта және теңіз ғылымдарында жаңа технологиялар мен инновацияларды қолдану: үкімет-академиялық-өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайту бойынша халықаралық семинарға қатысуды қарастыруға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға, ғылыми алмасуды кеңейтуге және су қауіпсіздігі, гидрология және тұрақты даму бойынша бірлескен жобаларды әзірлеуге қызығушылық танытты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hanoi/press/news/details/1188223?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді