Қорғаныс министрлігінде қазіргі заманғы әскерге шақырылушының психологиялық портрет талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде әскери бөлімдер мен құрамалардың командирлері үшін қазіргі жас ұрпақпен жұмыс істеудің ерекшеліктеріне арналған оқу-әдістемелік сабақ ұйымдастырылды.

Maqsut Narikbayev University жоғары гуманитарлық мектебінің «Психология» білім беру бағдарламасының оқытушысы психоаналитик Анна Поздеева «Қазіргі жас жігіт кім?» тақырыбында дәріс өткізді.

Дәріс барысында қазіргі таңда Қарулы күштерге дүниетанымы сандық орта мен жедел әлеуметтік өзгерістер жағдайында қалыптасқан Z ұрпағы мен алғашқы Alpha ұрпағының өкілдері келетіндігі айтылды. Бұл командирлерден жеке құраммен жұмыс істегенде икемдірек тәсілдер қолдануды талап етеді.

– Біз «Қазіргі жастар бұрынғыдай емес» деген сөзді жиі естиміз. Алайда командирдің міндеті – жаңа ұрпақты сынау емес, оны түсіне білу. Егер отыз жыл бұрынғы басқару әдістерін қолданатын болсақ, жасырын қақтығыс пен қызмет тиімділігінің төмендеуіне тап болуымыз мүмкін. Әр ұрпақ өз ортасының ықпалымен қалыптасады, ал қазіргі жастар – сандық дәуірдің өнімі, – деп атап өтті Анна Поздеева.

Дәріскер қазіргі заманғы әскерге шақырылушының психологиялық портретін таныстырып, жаңа ұрпақ өкілдері ақпаратты тез қабылдауға үйренгенін, әділеттілік пен жеке қадір-қасиет мәселелеріне сезімтал екенін, сондай-ақ берілген тапсырмалардың логикалық негізін күтетініне ерекше назар аударды.

– Бүгінгі сарбаз тапсырманы оның мәнін түсінсе ғана әлдеқайда тиімді орындайды. «Менің айтқанымды жаса» формуласы енді жұмыс істемейді. Әскери қызметші бұйрықтың қандай мақсатқа бағытталғанын және оның бөлімшенің және елдің қауіпсіздігімен қалай байланысты екенін түсінгенде, оның уәжі айтарлықтай артады, – деп атап өтті ол.

Бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалға да ерекше назар аударылды. Қазіргі жастардың физикалық агрессияға сирек баратыны, алайда әділетсіздіктен, қадір-қасиетке тіл тигізу мен психологиялық қысымнан зардап шегетіні атап өтілді.

Осыған байланысты командирлерге әскери ұжымдардағы ахуалға ерекше көңіл бөлу, психологиялық қысым белгілерін уақытылы анықтау және бөлімшелерде құрметке негізделген кәсіби қарым-қатынас орнату ұсынылды.

Сабақ барысында жеке құраммен жұмысты ұйымдастыруға арналған тәжірибелік ұсыныстар берілді. Олардың қатарында – көрнекі оқу әдістерін қолдану, нақты әрі түсінікті тапсырмалар қою, сондай-ақ әскери қызметшілерді қазіргі заманғы техника мен сандық технологиялармен жұмысқа тарту айтылды.

– Бұл – технологияларды тез меңгеретін, дәстүрлі ойлаудан тыс ойлана білетін және күрделі тапсырмаларды тиімді шешуге қабілетті жастар. Біздің міндетіміз – оларға жаңа типтегі білікті, әділ және кәсіби көшбасшы болу, – деп атап өтті Анна Поздеева.

Сабақ соңында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев Анна Поздееваның барлық ұсыныстары ескерілетінін атап өтті.

Алдағы уақытта дәріс материалы негізінде әдістемелік нұсқаулар дайындалып, олар әскери бөлімшелерге күнделікті тәжірибеде қолдану үшін жіберілетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1188074?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді