
Оттава, 2026 жылғы 26 наурыз – Канада Парламенті Сенатының ғимаратында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау және қазақстан-канадалық қарым-қатынастарды дамыту перспективаларына арналған сараптамалық-талдамалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Канаданың саяси, парламенттік және сараптамалық ортасының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің ашылуында сенатор Клемент Жиньяк Қазақстан мен Канада арасындағы парламентаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, канадалық тараптың Астанамен саяси және экономикалық салаларда жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Д.Құсайынов екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында конституциялық реформаға және ү.ж. 15 наурызда өткен конституциялық референдумның қорытындыларына ерекше назар аударылды. Елшілік арнайы шақырған сарапшы – Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, Гарвард университетінің шақырылған зерттеушісі М.Хасенов жаңа Конституцияның маңызы мен оның Қазақстан Республикасының одан әрі саяси дамуына әсері туралы жан-жақты баяндады.
Қатысушылар Конституция бойынша өткен дауыс беру қоғам белсенділігінің жоғары деңгейін және азаматтардың маңызды саяси үдерістерге қатысуын тағы бір мәрте растағанын атап өтті.
Жалпы, іс-шара мен оның аясындағы пікірталастар Қазақстандағы ішкі саяси реформаларға жоғары қызығушылық бар екенін көрсетті. Канадалық тарап өкілдері жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігін атап өтіп, еліміздегі трансформациялық үдерістерді одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар осындай сараптамалық кездесулерді жалғастыруға және қазақстан-канадалық диалогты одан әрі дамытуға ниетті екендерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1188053?lang=kk

Жауап қалдыру