
Қыс мезгілінен кейін Қаратау ауданы аумағында кең ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Көктемгі жаңару кезеңінде ауданның келбетін жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру басты назарға алынған.
Қазіргі таңда негізгі көшелер мен ішкі орамдардағы тротуарлар, аялдама павильондары, жол жиегіндегі қоршаулар мен өзге де инфрақұрылым нысандары тазартылып, жуылып жатыр. Сонымен қатар, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы ретке келтіріліп, жиналған қоқыстар шығарылуда.
Аталған жұмыстарға Қаратау КММ және Жасыл-Жер Шымкент мекемелерінің коммуналдық қызметкерлері жұмылдырылып, арнайы техника тартылған. Мамандар күнделікті негізде тазалықты қамтамасыз етіп, ауданның көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясындағы бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық ахуалды жақсартуға және қала мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Таза әрі көрікті аудан – әрбір тұрғын үшін жайлы орта мен жақсы көңіл-күй кепілі.
Тұрғындарды да тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және ортақ іске белсенді атсалысуға шақырамыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1189093?lang=kk

Жауап қалдыру