Қазақстан ЕАЭО аясында агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуды күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Канафин «ЕАЭО аясында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту құралы ретінде жасанды интеллект: цифрландыру, инновациялар, инвестициялар» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Бұл жиын Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы шеңберінде өтті.

Сессия барысында қатысушылар ауыл шаруашылығын цифрландырудың өзекті мәселелерін, озық технологияларды енгізуді және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі аграрлық саланың даму болашағын талқылады.

Таласбек Канафин Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру саланың тиімділігін арттырудың және ЕАЭО шеңберіндегі ықпалдастықты нығайтудың маңызды факторы екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары салада негізгі бастамалардың бірқатары іске асырылып, басқару мен мемлекеттік қолдаудың басты үдерістері электрондық форматқа көшірілді. Өткен жылы қыркүйекте 2027 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін цифрлық жаңғырту картасы бекітілді. Ол мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жер ресурстары және балық шаруашылығы салаларындағы 144 іскерлік үдерісті қайта құруды көздейді. Негізінен автоматтандыруға, ақпараттық жүйелерді біріктіруге, алдын ала қызмет көрсететін мемлекеттік қызметтерді дамытуға және деректер сапасын арттыруға басымдық берілген», – деді вице-министр.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруда мемлекеттік ақпараттық жүйе маңызды рөл атқарады. Ол 20 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Жүйенің мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілуі мәліметтерді автоматты түрде тексеруге, ашықтықты арттыруға және негізсіз төлемдер тәуекелін азайтуға жол ашады. Биыл жүйеге жасанды интеллект элементтері бар чат-бот енгізіліп, ол өтініштерді жедел талдап, нақты кеңес беретін болады.
Мал және өсімдік шаруашылығын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Жер ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйесі дамытылып, оған ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлық картасы енгізілуде.

«Ақылды» ауыл шаруашылығын дамыту аясында 650-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші цифрлық шешімдерді қолдануда. 200-ден астам смарт-ферма қалыптастырылып, онда дәлме-дәл егіншілік технологиялары, IoT жүйелері және автоматтандырылған өндіріс үдерістері пайдаланылуда. Инновацияларды енгізуді ынталандыру үшін заманауи техника мен жасанды интеллект элементтері бар дрондарды сатып алуды субсидиялау сияқты қолдау шаралары қарастырылған.

Вице-министр цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның ақпараттық жүйелерін ЕАЭО елдерімен ықпалдастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, электрондық ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттармен алмасу жолға қойылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау кезінде электрондық ілеспе құжаттарды енгізу мәселесі пысықталуда.

Бұл бастамаларды іске асыру өнімнің толық қадағалануын қамтамасыз етуге, бақылау рәсімдерінен өту мерзімін қысқартуға, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін сақтай отырып, сыртқы экономикалық қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1189734?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді