
Бүгін Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылындағы «Опорная» жалпы білім беру ұйымының базасында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері, полиция подполковнигі Сатқанбаев Жолдасқали Қауылбайұлының құрметіне арналған «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға аудан және облыс деңгейіндегі бірқатар құрметті қонақтар қатысып, жас ұрпаққа ізгі тілектерін білдірді. Атап айтқанда, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Нұрмағанбетов Таңат Талғатұлы, Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Алмас Мешітбайұлы, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Садақбаев Мұхтар Қанғалиұлы, Бейнеу ауданы Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Изкенов Еркебұлан Ермекбайұлы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәжмұханов Теміржан Құмискалиевич және білім бөлімінің басшысы Жәулиев Шоқан Жазықбайұлы қатысты.
Сонымен қатар, шараға ардагер Жолдасқали Сатқанбаевтың жұбайы Төлепбергенова Сайлаугүл Құмарбекқызы мен оның інісі Дүсіпов Жұмабек Қойлыбайұлы арнайы қатысып, кештің тағылымдық мәнін арттыра түсті.
Салтанатты жиын барысында Сатқанбаев Жолдасқали Қауылбайұлының ел алдындағы сіңірген еңбегі мен құқық қорғау саласындағы үлгілі қызмет жолы кеңінен насихатталып, жас ұрпаққа өнеге ретінде ұсынылды. Іс-шара соңында қонақтар ардагердің өмір жолын бейнелейтін фотокөрмені тамашалап, жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбымен танысты.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, сондай-ақ құқық қорғау органдарына деген құрмет сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар, ардагердің өнегелі өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу көзделеді.
Осындай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойына тәртіп, жауапкершілік және патриоттық қасиеттерді сіңіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1190085?lang=kk

Жауап қалдыру