КЕЛЕС ӨЗЕНІ БОЙЫНДА АУҚЫМДЫ ІЗДЕСТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданында 2018 жылы туған баланың өзенге құлап, суға кетуіне байланысты қайғылы жағдай тіркелді. Оқиға орын алған сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары жедел ұйымдастырылып, барлық жауапты қызметтер жұмылдырылды.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев оқиға орнына барып, іздестіру жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілуде.
Қазіргі таңда іздестіру-құтқару жұмыстары төтенше жағдайлар қызметі, полиция, медицина, білім саласының мамандары және өзен бойындағы ауылдық округ әкімдіктерінің қатысуымен үздіксіз жүргізілуде. Сонымен қатар, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, еріктілер, мәдениет және спорт саласының мамандары да белсенді түрде тартылған.
Іздестіру жұмыстарының 8-күні 300-ден астам адам жұмылдырылып, өзен бойы бірнеше бағытқа бөлініп, жүйелі түрде тексерілуде. Су деңгейін төмендету, ағынды реттеу, дрондар мен бөгет торлары секілді техникалық құралдарды пайдалану арқылы жұмыстардың тиімділігі арттырылуда.
— Бұл жағдай алғашқы күннен бастап менің жеке бақылауымда. Барлық жауапты қызметтер толық жұмылдырылды. Қосымша күштер тартылып, іздестіру жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Негізгі мақсат – баланы табу. Осы бағытта барлық мүмкіндіктер толық пайдаланылатын болады, – деді аудан әкімі.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1190386?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді