Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның Әділет және даму партиясы бас хатшысының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс бөлімінің басшысы Күршад Зорлу бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыру, тарихи-мәдени мұраны бірлесіп насихаттау бағыттарына ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндап, халықаралық әріптестікке ашық екендігін атап өтті. Сондай-ақ түркі елдері арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.
– Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Осы кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Түркия – біздің бауырлас мемлекетіміз, ортақ тіліміз, тарихымыз және дәстүрлеріміз бар. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, өңірде жалпы аумағы 2 397,3 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақ және 4 мың гектардан асатын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Туризм саласын дамыту Түркістан облысы үшін үлкен әлеуетке ие. Өңірдің ерекше тарихи және мәдени ескерткіштері, әсем табиғаты туристерді тартуға мүмкіндік береді. Облыс аумағында 1770-ке жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар. Екі елдің қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Күршад Зорлу түркі мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы бастамаларды қолдайтынын білдіріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау, қолөнер саласын дамыту, экономикалық және инвестициялық жобалар бойынша әріптестікті тереңдету, Түркістанның тарихи рөлі жөнінде ой қозғады. Ал Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюрджан екі мемлекет арасындағы сауда-саттық көлемі жылдан жылға артып келе жатқанына тоқталды.
Кездесуге Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюрджан мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова да қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін атап өтті.
Айта кетейік, өзара ынтымақтастықтың арқасында Түркия мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2025 жылы 5,4 млрд АҚШ долларын, ал Түркістан облысымен 45,4 млн АҚШ долларын құрады. Түркістан облысында түрік капиталымен екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Түркістан қаласының халықаралық әуежайын түріктің «YDA Holding» компаниясы рекордтық қысқа мерзімде салса, «Керуен Сарай» туристік кешені 2021 жылы ашылған.
Жауап қалдыру