
Халықаралық құстар күні жыл сайын 1 сәуірде атап өтіледі, бұл өте символикалық – өйткені дәл осы уақытта көптеген көші-қон құстары оңтүстік аймақтардан туған жерлеріне оралады. Мереке алғаш рет 1894 жылы Америкадағы Ойл-Сити қаласында биология пәнінен мұғалімнің бастамасымен өткізілді, ал 1902 жылы Парижде ауыл шаруашылығына маңызды құстарды қорғау мақсатында Халықаралық конвенцияға қол қойылды. Содан бері бұл оқиға әлемдік маңызға ие болды.
Бұл күні ауқымды құстарға ұя тұрғызу іс-шаралары ұйымдастырылуда. Әсіресе, мектеп оқушыларының қатысуымен табиғи және ерекше қорғалатын аумақтарда құстарға арналған ұялар тұрғызу жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Әртүрлі формадағы және арнайы жасалған ұялар құстардың мекендеуіне, көбеюіне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастама болашақ ұрпақтың экологиялық санасын арттырып, табиғатқа деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Құс ұяларын орнатудың мақсаты – құстардың ұя салуына жасанды орындар жасау, әсіресе ағаш қуыстары жеткіліксіз жерлерде оларды қауіпсіз мекенмен қамтамасыз ету.
Акция аясында табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесіп ерекше қорғалатын орман аумақтарына қарасты 247 мектеп аумағында 3 705 құс ұясын орнатуды жоспарлап отыр. Аталған іс-шараларға 4 000 жуық адам қатысады. Сонымен қатар орман мекемелерінің қызметкерлері 495 мектеп аумағында 7 500 құс ұясын орнатуды жоспарлауда. Оған 5 000-ға жуық адам қатысады.
Бірқатар өңірлерде бұл акция басталып та кетті. Іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері де белсенді түрде тартылуда.
Бүгінгі күні құс ұяларын орнату жұмыстары аяқталуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1192222?lang=kk

Жауап қалдыру