
Астанада өткен Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы аясында «Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнама: өзекті мәселелер» тақырыбында панельдік сессия болды.
Сессия мемлекеттер, сарапшылар қауымдастығы және өнеркәсіп өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар Орталық Азия елдерінде көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбалар саласын реттеуді, оның ішінде жер қойнауын пайдалану заңнамасын жетілдірудің негізгі бағыттарын қарастырды. Барлау мен өндіруге инвестиция тартудың құқықтық тетіктеріне, сондай-ақ көмірсутек және тау-кен салаларындағы экологиялық және әлеуметтік стандарттарға ерекше назар аударылды.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.
Сессия барысында Иран Шархан минералдық-шикізат базасын толықтыру мәселесін шешу мақсатында заңнамалық реформа жүргізілгенін, осы орайда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданғанын атап өтті. Аталған Кодекске Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және саланы реттеу ісін жетілдіруге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында және сөйлеген сөздерінде жасанды интеллект енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын қарапайым және ашық түрде бөлу, жер қойнауын пайдалану реформасын жалғастыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Жалпы, реформа жаппай геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тартатын мүлде жаңа бәсекелі ортаны қалыптастыруды көздейді. Реформаның алғашқы нәтижелері геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемінің еселене (2,5 есе) артқанын көрсетті: 2019-2024 жылдары 1 млрд АҚШ доллары болса, ал 2012-2017 жылдары бұл көрсеткіш 400 млн долларды құраған. Геологиялық барлау үшін аумақтар ашық, Қазақстанға юниорлық компаниялар мен әлемдік алыптар келді. Егер 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңмен салыстырсақ, Кодекс күшіне енгеннен кейін геологиялық барлауға құқық беру 6 есеге өсті», – деді Иран Шархан.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің мәліметінше, қазіргі уақытта қатты пайдалы қазбаларды барлауға шамамен 3 мың лицензия берілген. Бұл іске Cove Capital (АҚШ), Rio Tinto (Аустралия), Teck Resources (Канада), Fortescue (Аустралия), Barrick Gold (Канада), First Quantum Minerals (Канада), Ivanhoe Mines (Канада) сияқты ірі шетелдік тау-кен компаниялары тартылған.
“Қазақстанда қазіргі уақытта Arras Minerals, East Star Resources, Pallas Resources, Sarytogan Graphite сияқты шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Аталған компаниялар геологиялық барлауға кемінде 40 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, барлау басталғаннан бастап кен орнын табуға дейінгі орташа кезең 3 жылдан 5 жылға дейін созылатынын ескерсек, кен орындарын “ашудың” күтілетін нәтижесі 2026-2028 жылдары көрінеді”, – деп нақтылады Иран Шархан
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2026 жылға қарай ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерделеуді 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
“Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 2 млн шаршы шақырымға жетті. Саланы одан әрі дамыту үшін 1:50 000 масштабына көшу басымдық ретінде айқындалды. Бұл геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдерінде перспективалы учаскелерді тиімді анықтауға мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырымды, одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымды қамту жоспарлануда. Геологиялық түсірілім жұмыстарын жүргізудің жаңа талаптары бекітіліп, 20 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. ЖСҚ әзірлеу салалық білікті мамандарды тарту арқылы орындалды Жұмыстарды атқаруда аэрогеофизика, геохимия, цифрлық технологиялар және басқа да зерттеу әдістерін қолдану көзделіп отыр”, – деді Иран Шархан.
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылы Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы қолданысқа берілген. Бұл арқылы 22 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, электрондық аукциондар жүйесі мен қол қою бонустарын онлайн төлеуге арналған «электрондық әмиян» сервисі енгізілді, сондай-ақ қолжетімді және қолжетімсіз учаскелерді көрсететін интерактивті карта іске қосылды. 5,5 мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылды. Лицензиялық-келісімшарттық есептілік электрондық форматқа көшіріліп, міндеттемелердің орындалуын бақылау автоматтандырылды. Бұл міндеттемелердің орындалуын бақылауды автоматтандыруға және қолмен тексерулерді қысқартуға мүмкіндік берді. Платформада алты электрондық аукцион өткізіліп, қол қойылған бонус көлемі шамамен 40 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар оның айтуынша, талдаудың сапасын арттыру мақсатында “Ұлттық геологиялық қызмет” АҚ базасында зертханалар ғана емес, қор қоймасы, керноқойма және әкімшілік корпус та кіретін сертификатталған зертханалық кешен құрылмақ. Оныі іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстанның минералдық-шикізат базасына 10 мыңға жуық кен орны кіреді, оның ішінде: 1 009 – қатты пайдалы қазбалар кен орны; 359 – көмірсутектер; 3 700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар және 4 931 – жер асты сулары. Пайдалы қазбалардың негізгі түрлері бойынша қорлардың жалпы көлемі: алтын – 2,3 мың тонна, мұнай – 4,3 млрд тонна, газ – 3,8 трлн текше метр, көмір – 33,5 млрд тонна, темір – 26,7 млрд тонна.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1192496?lang=kk

Жауап қалдыру