
Таразда «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен өткен таеквондо турниріне 200-ден астам спортшы қатысты
Жамбыл облысында «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен таеквондо турнирі өтіп, оған «Тайчи» спорт клубының 200-ден астам тәрбиеленушісі қатысты.
Жарыс Тараз қаласындағы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназия базасында өтті. Турнир клубішілік форматта WT нұсқасы бойынша жас спортшылар арасында өткізілді.
Іс-шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Тайчи» спорт клубымен, Тараз қалалық білім бөлімімен және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің негізгі мақсаты — өскелең ұрпақ арасында заңға құрмет пен «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру, сондай-ақ спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар балалардың денсаулығын нығайтуға, физикалық қабілеттерін дамытуға, патриоттық сезімін, достық пен өзара көмек құндылықтарын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді.
Спарринг бойынша жарыстар қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, дайындық деңгейіне және салмақ дәрежелеріне қарай өткізілді. Сондай-ақ халықаралық таэквондо (WT) федерациясының қолданыстағы ережелеріне сәйкес пумсэ бойынша көрсетілімдер өтті.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға «Есірткісіз болашақ» деген жазуы бар футболкалар мен кепкалар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1192942?lang=kk

Жауап қалдыру