
Абай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Семей қаласындағы №6 орта мектептің оқушыларымен «Өз өміріңе нүкте қойма» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Аталған жиынға құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қатар наркология саласының мамандары және ЖТИВ-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының өкілдері қатысып, өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті. Кездесу барысында жасөспірімдерге есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, психологиялық және әлеуметтік салдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, заңсыз есірткі айналымына қатысқаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік түрлері нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Іс-шара аясында оқушыларға зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру жөнінде пайдалы кеңестер берілді. Мамандар жас буынға дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, әрбір әрекеттің болашаққа әсер ететінін түсіндірді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың санасына қауіпсіз өмір қағидаттарын сіңіру, оларды есірткі сияқты қоғамға қауіпті құбылыстардан қорғау және құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар, жасөспірімдердің жауапкершілік деңгейін арттырып, өз өмірі мен денсаулығына бейжай қарамауға тәрбиелеу болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193249?lang=kk

Жауап қалдыру