
Шу ауданының Шу қаласы мен Бірлік ауылында пайдалануға берілген спорт нысандарының құрылысы “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылды.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева қатысып, аудан тұрғындарын қуанышпен құттықтады.
Алдымен Шу қаласындағы Қант қызылшасы мөлтек ауданында орналасқан спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа кешенде футбол, волейбол және баскетболға арналған заманауи жаттығу залдары қарастырылған.
Сонымен қатар, нысанның іске қосылуы нәтижесінде 15 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр.
Салтанатты жиында облыс әкімі жаңа спорт кешендерінің маңыздылығына тоқталып, олардың жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттырып, болашақта ел намысын қорғайтын таланттардың шығуына жол ашатынына сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі атап өткендей, спортты дамыту, бұқаралық спортты кеңінен қолдау және ұлт саулығын нығайту – ел саясатының маңызды бағыты. Осы міндеттер өңірімізде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бүгін ашылған жаңа спорт кешені – осы бағыттағы нақты істердің нәтижесі,-деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева елімізде дәл осындай 24 спорт нысаны салынып жатқанын, соның екеуі Шу ауданында бой көтергенін атап өтті. Қазіргі таңда олардың 12-сінің құрылысы аяқталған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Жамбыл облысында 12,6 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылып жатыр. Біз тұрғындарға жайлы өмір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік салаға көп көңіл бөлудеміз. Бұл игі бастамалар әлі де жалғасын табады деген сенімдемін, – деді басқарма төрағасы.
Іс-шара барысында облыс әкімі Бірлік ауылында салынған екінші спорт кешенінің ашылуына да қатысты. Екі нысанның да жалпы құны 170,5 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «SK Monolit Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Жаңа спорт кешендері қала мен ауыл тұрғындарына қолжетімді болып, бұқаралық спортты дамытуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және өңірдегі салауатты өмір салтын нығайтуға қызмет ететін болады.
– Ауылымызда осындай спорт кешенінің салынғаны – үлкен қуаныш. Бұл – елге жасалған қамқорлық. Жастар спортпен шұғылданып, ауылымыз одан әрі көркейе береді, – деп өз қуанышын жеткізді ауыл ақсақалы Асқар Нұржанов.
Облыс әкімі және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева ауыл тұрғындарымен бірге спорт нысанының ауласына тал егу рәсіміне қатысты.
Бүгінде облыста спортпен жүйелі айналысатындар саны 514 мыңнан асып, тұрғындардың 44,8%-ын құрап отыр. Қазіргі таңда 13 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін тағы 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Ербол Қарашөкеев Бірлік ауылындағы саябақтың жұмысымен танысып, осындай игі жобаларды басқа елді мекендерде де жүзеге асыру керектігін алға тартты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1193900?lang=kk

Жауап қалдыру