
22 қаңтар күні БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин және басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Еракаев Казталов ауданына жұмыс сапарымен келіп, қыстақтардың жай-күйімен танысты.
Казталов ауданында 357 қыстақ бар. Онда 593 жұмысшы еңбек етуде. 267 қыстақ электр желісі, 62 қыстақ күн панелімен 1 қыстақ генератормен қамтылған. Аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы қыстақтың өту барысы жөнінде ақпарат беріп, қабылданып жатқан шараларды атап өтті.
— Аудан бойынша қыстаққа кірген шартты мал басы 128 087 басты құрайды. Оның ішінде ірі қара — 104 172 бас, қой — 160 577 бас, ешкі — 11 294 бас, жылқы — 31 693 бас, түйе — 253 бас. Қазіргі таңда ауылдар мен елді мекендер арасындағы жол қатынасын қамтамасыз ету, сондай-ақ қыстақтарға апаратын жолдарды қардан тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан әкімімен бірге бірқатар ауылдық округтерді аралап, қыстақтардың жай-күйімен танысып, тиісті шаралар қабылдадық. Қазіргі уақытта қыстақ қалыпты жағдайда өтуде, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Салалық басқарма басшысы ауданымыздың «Азамат», «Райымбек», «Қонысбай», «Медет», «Жібек», «Мұрагер», «Муслим» шаруа қожалықтарының қыстақтарында болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында шаруалар қыстақтың қалыпты жағдайда өтіп жатқанын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
— Қыстың басы қаһарлы, қатты болды. Қазіргі таңда малды жемдеп, шөптеп күтіп отырмыз. Шаруашылықта 500-ден астам жылқы, 100-ден астам ірі қара, 1000-нан астам аналық қой бар. Қыстақтарға апаратын жол мәселесі шешілсе, қыс қыстағынан дер кезінде шығамыз деп ойлаймыз. Сонымен қатар киік мәселесі оң шешімін тапса, жаз айларында келер қысқа қажетті қамды ертерек жасауға мүмкіндік туады. Қазір киіктің салдарынан жайылым тапшы. Дегенмен қыстан аман-есен шығамыз деген сенім бар, — деді «Қонысбай» шаруа қожалығының жетекшісі Айболат Какалов.
Қыстақтардың жай-күйі зерделенгеннен кейін аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің төрағалығымен қыстақтың өту барысы жөніндегі аудандық штабтың отырысы өтті. Жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы шаруалардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
— Биыл қыстақтағы ағайынға оңай соқпайтыны анық. Осыған байланысты штаб мүшелерінен өздеріңізге бекітілген ауылдық округтердегі қыстақтарды толық аралап, жағдайды нақты бағалауды сұраймын. Бұл — ортақ жұмыс. Биыл қысқа байланысты мал шаруашылығы саласында төтенше жағдай жарияланбайды. Біз заң аясында тиісті шараларды қабылдап, қажетті қолдау көрсетеміз, — деді басқарма басшысы.
Штаб отырысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шәріпов және Талдыапан ауылдық округінің әкімі Қайырлы Жұмағұлов қыстақтардың өту барысы туралы баяндады. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы қыстақтарды кезең-кезеңімен аралау, мал азығын дер кезінде жеткізу жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1194693?lang=kk

Жауап қалдыру