Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың төрағалығымен алаяқтыққа, оның ішінде интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықтың жай-күйі мәселелері бойынша алқа отырысы өтті.
Отырысқа ішкі істер және экономикалық тергеп-тексеру органдарының басшылығы, облыс әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ цифрландыру, қаржылық реттеу және банк секторы саласындағы уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры Мемлекет Басшысының киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Алқа барысында интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа байланысты қылмыс жасаудың жаңа тәсілдеріне жедел ден қою тетіктері қаралды.
Сонымен қатар облыс прокуратурасы интернет-алаяқтықты анықтау мен жолын кесу, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру және халықтың қорғалу деңгейін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. Уәкілетті органдармен бірлесіп «Кибер-ерікті» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде «Кибербақылау» жүйесі арқылы 46 алаяқтық сайт бұғатталып, «Дроп» атты профилактикалық фильм шығарылды. Бұл шаралар осы санаттағы қылмыстардың тіркелуін 33%-ға төмендетуге, сондай-ақ «дропповодтар» тобын анықтауға және өзге де бұзушылықтар бойынша шаралар қолдануға мүмкіндік берді.
Отырыс барысында алаяқтық контентті жедел бұғаттау және интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін интернет-кеңістік мониторингін күшейтуді, сондай-ақ шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарын қамти отырып, профилактикалық жұмыстарды кеңейтуді қоса алғанда, қорғаудың алдын алу тетіктерін енгізуге назар аударылды. Қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен жедел өзара іс-қимыл жасау алгоритмі құрылуда, бұл нақты уақыт режимінде күдікті транзакциялардың жолын кесуге және халықтың қаржылық активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алқа отырысын қорытындылай келе, облыс прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, оның ішінде интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа байланысты істер бойынша және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндеттер белгіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ведомстволық бақылауды жетілдіруге және зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеуге байланысты мәселелерді қарауға бағытталған шаралар кешені әзірленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/1194823?lang=kk

Жауап қалдыру