
Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты мекемелердің қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілікке белсене қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық акция аясындағы іс-шараға дирекцияның 150-ден астам қызметкері жұмылдырылып, елорданың тазалығы мен абаттануына өз үлестерін қосты.
Атап айтқанда, «АЛЖИР» мемориалды кешені, Сәкен Сейфуллин және Өнер музейлерінің ұжымдары өз аумақтарында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.
Сенбілік барысында ғимарат маңы қоқыстан тазартылып, аумақтарды санитарлық тазалау, ретке келтіру және абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қызметкерлер мекеме аумағының тазалығы мен көркеюіне ерекше мән беріп, қоршаған ортаны күтіп ұстауға бағытталған ортақ іске белсенді атсалысты.
Сәкен Сейфуллин музейінің қор сақтаушысы Қарлығаш Жұмаханованың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, ұжымдық жауапкершілікті арттырады.
«Тазалық – әр адамның өзінен басталатын мәдениет. Осындай ортақ іске атсалысу арқылы біз тек музей аумағын ғана емес, қаламыздың келбетін жақсартуға да үлес қосамыз. Бұл – туған елге, туған қалаға деген құрметтің көрінісі», – деді ол.
Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсатына сай қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және елорда тұрғындарын ортақ іске жұмылдыруға бағытталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1195025?lang=kk

Жауап қалдыру