Қазақстан мен Үндістан стратегиялық ынтымақтастықты ұлғайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нью-Дели, 2026 жылғы 7 сәуір – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрлігінің Протокол басшысы Амит Кумармен кездесу өткізді.

Оның барысында тараптар 2026 жылғы 22 ақпанда Қазақстан мен Үндістан дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуын атап өткенін жеткізді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы байланыстар ресми дипломатия шеңберінен әлдеқайда кең екенін және терең тарихи, мәдени әрі өркениеттік негіздерге сүйенетінін атап өтті.

Қазақстандық дипломат Үндістанның Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес әрі ықпалды жаһандық ойыншы екенін атап өтті. Ол Үндістан тарабына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың 2026 жылғы 19-20 ақпанда өткен «India AI Impact Summit 2026» саммиті аясындағы Үндістанға алғашқы сапарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Қазақстан тарапы Үндістанды 2026 жылғы БРИКС ұйымына төрағалық етуімен құттықтап, осы формат аясында жоғары деңгейдегі алдағы екіжақты байланыстар туралы хабардар етті.

Кездесу барысында ағымдағы жылы жоғары және ең жоғары деңгейлердегі өзара сапарларды ұйымдастыру мәселелері де қарастырылды.

Кездесуде дипломатиялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және екіжақты ынтымақтастықтың инфрақұрылымдық базасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын жекелеген консулдық және ұйымдастырушылық мәселелер де қозғалды.

Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады және екіжақты ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1195449?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді