Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстану үрдісі жылдан-жылға нығайып келеді. Дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі және зиянды әдеттерден бас тарту халық денсаулығын жақсартудың негізгі факторына айналып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес ел тұрғындары арасында дұрыс тамақтануға деген қызығушылық артып келеді. Күн сайын кемінде 400 грамм жеміс пен көкөніс тұтынатындардың үлесі 2015 жылғы 34,3%-дан 2024 жылы 41,7%-ға дейін өскен. Бұл қоғамда тамақтану мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар алкогольді шамадан тыс тұтыну деңгейі де айтарлықтай төмендеген. Мәселен, 2015 жылы бұл көрсеткіш 4,1% болса, 2024 жылы 1,6%-ға дейін азайған.

Халықтың дене белсенділігі де оң динамика көрсетуде. Аптасына кемінде 150 минут спортпен айналысатын ересектердің үлесі 2021 жылғы 18,8%-дан 2024 жылы 30,4%-ға дейін артқан.

Денсаулықты қорғау мақсатында бірқатар шектеу шаралары да енгізілуде. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар мұндай өнімдерді өткізу талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұдан бөлек, энергетикалық сусындарға акциздік саясат енгізіліп, оның мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 240 теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл шаралар, әсіресе, жастар арасында зиянды өнімдерді тұтынуды азайтуға бағытталған.

Қазақстан сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының семіздікпен күресті жеделдету жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды. Бұл дұрыс тамақтану мен инфекциялық емес аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі халықтың өмір сапасын арттыру, қауіп факторларын төмендету және денсаулық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыра бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-ulyanov/press/news/details/1197050?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді