Қарыз кезінде сақтандыру: неге назар аудару қажет?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысының мөлшерін банктік қарыздар мен микрокредиттер шеңберінде ресімделетін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10%-ына дейін шектеуді көздейтін заңнамадағы өзгерістер туралы еске салады.

Осыған дейін көптеген банктер мен микроқаржы ұйымдары сақтандыру агенттері ретінде сақтандыруды кредит алудың міндетті шарты ретінде белгілеп, сақтандыру компанияларынан 90%-ға дейін комиссиялық сыйақы алды. Қабылданған өзгерістер қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сақтандыру қызметтерінің ашықтығын арттыруға және тұтынушыларға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ заңнамада банктер мен микроқаржы ұйымдарының сақтандыру өнімдерін мәжбүрлеуге немесе қарыз алушыны сақтандыру компаниясын таңдауда шектеуге құқығы жоқ екендігі көзделген. Қарызды ресімдеу кезінде сақтандыру ерікті болып табылады, оның талаптары тараптардың келісімі бойынша сақтандыру шартымен айқындалады. Ұсынылған шарттармен келіспеген жағдайда, қарыз алушы басқа сақтандыру ұйымын таңдауға құқылы. Қарыз алушының қарыз шартына байланысты сақтандыру шартынан ол жасалған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде бас тарту құқығы сақталады. Бұл жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз шартының талаптарын сыйақы мөлшерлемесі және (немесе) онымен байланысты комиссия бөлігінде қайта қарауы мүмкін.

Бұл ретте сақтандыру шартын жасау туралы талапсыз қарыз шартын жасаған күні қолданыста болған деңгейден аспайтын сыйақы мөлшерлемесін немесе комиссияны қайта қарау бойынша шектеу заңнамамен бекітіледі.

Бұдан басқа, қарыз шартына байланысты сақтандыру шарты бұзылған кезде сақтандыру сыйлықақысын қайтару мерзімі нақтыланды. Қарыз алушы қарыз беруші алдындағы міндеттемелерді толық орындаған жағдайда, сақтандыру ұйымы сақтандыру сыйлықақысын сақтандыру қолданылу кезеңіне барабар соманы, сондай-ақ Шартты бұзуға байланысты, мөлшері алынған сақтандыру сыйлықақысының 10%-ынан аспайтын шығыстарды шегергенде қайтаруға міндетті. Қайтару сақтандыру ұйымы тиісті өтініш алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Енгізілген заңнамалық өзгерістерді ескере отырып, азаматтарға сақтандыру сыйлықақысы мен агенттік сыйақы мөлшерін қоса алғанда, сақтандыру шартының талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады.

Қабылданған шаралар неғұрлым әділ және бәсекеге қабілетті сақтандыру нарығын қалыптастыруға, сондай-ақ тұтынушылардың қаржылық сауаттылығы мен қорғалуын арттыруға ықпал етеді.

Қосымша пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1197126?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді