
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен кеңес өтіп, оған облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитеттері мен департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Басты тақырып – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру.
«Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі. Инфляцияның өсуі, соның ішінде азық-түлік бағасының қымбаттауы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенімен, бірқатар жүйелі мәселелердің әлі де бар екені анық. Сондықтан ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру үшін қосымша тиімді шаралар қабылдау қажет», – деді министр.
Осы бағытта бірқатар реттеу тетіктері іске асырылуда. Мәселен, тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорлары қалыптастырылуда, сауда желілерінде «айналым схемасы» енгізілген, ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді, сондай-ақ сауда үстемесі (15 пайыздан асырмау) бақылауға алынған. Соған қарамастан, бағаның өсу қаупі сақталуда.
Вице-министр Азат Сұлтановтың айтуынша, азық-түлік өнімдері тұтыну себетінің 40 пайыздан астамын құрайды және инфляцияның негізгі қозғаушы факторларының бірі болып отыр.
Биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11 пайызды құрады. Азық-түлік өнімдерінің бағасы 11,7 пайызға, ал ӘМАТ бойынша 5,4 пайызға өскен. Орта республикалық деңгейден жоғары көрсеткіш 12 өңірде тіркелді, олардың қатарында Ұлытау (9,7%), Маңғыстау (8,7%), Ақтөбе (7,7%) және Жамбыл (7,2%) облыстары бар.
Сонымен қатар, көптеген өнімдер жеткілікті көлемде өндірілуде, бұл «өндіріс – сақтау – өткізу» тізбегінде теңгерімсіздіктер бар екенін көрсетеді.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлер тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 42,5 млрд теңге, ал «айналым схемасына» 78,2 млрд теңге бөлген. Маусымаралық кезеңде жалпы көлемі 247 мың тонна өнім қоры жасақталды (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз). Дегенмен, кей жағдайларда нарықтық интервенция уақытында жүргізілмей, бұл шаралардың тиімділігіне кері әсер еткен.
Осы жылдың қаңтар–ақпан айларында азық-түлік өндірісі 665 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,9 пайызға жетті (жоспар – 104,3%). Алайда бірқатар өңірлер жоспарлы көрсеткіштерді орындай алмаған, олардың қатарында Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, Ұлытау өңірі және Алматы қаласы бар.
Кеңес барысында баға өсімі тым жоғары өңірлердің өкілдері тыңдалды.
Жиын қорытындысында министр әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру және өндірісті арттыру бойынша аз уақыттың ішінде шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Басым бағыттардың қатарында көкөніс өнімдерін уақтылы алдын-ала келісімшартпен сатып алу, оңтүстік өңірлермен ерте көкөніс жеткізу бойынша келісімдер жасау, тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану және оларды толықтыру шаралары бар.
«Азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы Үкіметтің ерекше бақылауында. Осы ретте барлық деңгейде жүйелі жұмыс жүргізіліп, бағаның өсуіне жол бермеу және ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Айдарбек Сапаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1197217?lang=kk

Жауап қалдыру