Алматы қалалық кардиологиялық орталығы Қазақстан өңірлерінің дәрігерлерімен озық тәжірибені бөліседі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында Қазақстан өңірлерінің мамандары үшін жүректі физиологиялық ынталандыру технологиясы (Conduction System Pacing, CSP) бойынша алғашқы оқыту шеберлік сыныбы өтті.

Жаңа технологияларды сәтті жүзеге асыруда ҚКО интервенциялық аритмологтар тобының жетекші еуропалық клиникаларда бірқатар тағылымдама мен оқу бағдарламасын өтуі шешуші рөл атқарды. Алған білім мен практикалық дағдылар қазақстандық мамандарға күнделікті клиникалық практикаға физиологиялық ынталандыру әдістерін сенімді енгізуге мүмкіндік берді.

Бүгінде кардиоорталық өзінің елеулі тәжірибесін шетелдік прокторларды тартпай-ақ, оқыту шеберлік сыныптары мен тренингтерін өз бетінше өткізеді. Бұл отандық аритмологтардың кәсібилігінің жоғары деңгейін және қазақстандық кардиологиялық мектептің өсіп келе жатқан дербестігін айғақтайды.

Білім беру іс-шарасы ҚКО интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Абдымомунов Артур Қаныбекұлының жетекшілігімен BIOTRONIK және MEDCO компанияларының қолдауымен өтті.

Мастер-класс аясында жүрек құрылғыларын имплантациялаудың заманауи әдістерін қолдана отырып, екі демонстрациялық ота жасалды:
Ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және жүрекше тұрақты фибрилляциясы бар 62 жастағы науқасқа кардиовертер-дефибриллятор (КДИ);
Синус түйінінің әлсіздік синдромы және өтпелі атриовентрикулярлық блокадасы бар 59 жастағы науқасқа екі камералы электрокардиостимулятор (ЭКС) имплантатталды.

Екі лта да conduction System Pacing (CSP) технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылды – электродтар тікелей жүректің өткізгіш жүйесінің құрылымдарына (Гис шоғыры немесе шоғырдың сол аяқшасы) орнатылатын инновациялық тәсіл. Дәстүрлі оң қарыншалық ынталандырудан айырмашылығы, CSP қарыншалардың табиғиға барынша жақын синхронды және физиологиялық белсендірілуін қамтамасыз етеді.

Мамандардың айтуынша, физиологиялық ынталандыру миокардтың жиырылу қызметін жақсартуға, жүрек жеткіліксіздігінің белгілерін азайтуға, ауруханада жатуды азайтуға және пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Кейбір жағдайда ол классикалық кардиоресинхронды терапияға (CRT) толық балама бола алады.

Әр өңірден келген дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сабағын өткізу Қазақстанда озық тәжірибені тарату және аритмологиялық қызметті дамытуда маңызды қадам болды. Қалалық кардиоорталық базасында барлығы 100-ден астам осындай ота жасалды, енді бұрын шетелде оқыған дәрігерлер өз білімі мен дағдысын еліміздің өңірлеріндегі әріптестерімен бөлісіп жатыр.

Алматы қалалық кардиологиялық орталығы заманауи технологияны белсенді енгізетін және Қазақстанның медициналық қоғамдастығымен өз тәжірибесін бөлісуге дайын инновациялық кардиологияның флагманы мәртебесін тағы бір растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/974474?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді