«Цифрлық дәуірдегі дін: мүмкіндіктер мен тәуекелдер»

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазіргі кезең адамзат тарихындағы түбегейлі өзгерістермен сипатталады. Интернет пен цифрлық платформалар дінді танып-білудің, оны насихаттаудың және түсіндірудің негізгі құралдарының біріне айналды. Осыған байланысты дін мен ақпараттық кеңістіктің өзара байланысын жаңа қырынан қарастыру қажеттілігі туындайды.
Біріншіден, цифрлық орта діни білімнің қолжетімділігін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Қасиетті кітаптар, тәпсірлер, ғалымдардың еңбектері мен уағыздар енді кез келген адамның қолында. Әсіресе жастар арасында діни ақпаратты интернет арқылы алу кең таралған құбылысқа айналды. Бұл, бір жағынан, діни сауаттылықтың артуына ықпал етсе, екінші жағынан ақпараттың сапасына қатысты мәселелерді де алға тартады.
Екіншіден, заманауи технологиялар дін мен ғылымның өзара байланысын күшейтуде. Жасанды интеллект пен деректерді өңдеу жүйелері діни мәтіндерді зерттеу мен аударуда жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Сонымен қатар, мәдени кеңістікте дінге қатысты онлайн-контенттің көбеюі рухани құндылықтардың жаңа форматта таралуына жол ашты. Бұл үрдіс дінді тек сенім жүйесі ретінде ғана емес, мәдени-өркениеттік феномен ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Алайда ақпараттық кеңістіктің ықпалы тек оң нәтижелермен шектелмейді. Интернеттің ашықтығы мен бақылаудың әлсіздігі жалған діни ақпараттың таралуына жағдай жасайды. Әсіресе жастар арасында діни радикализм мен экстремистік идеялардың таралу қаупі артып отыр. Мұндай ақпараттар көбіне кәсіби емес немесе мақсатты түрде бұрмаланған дереккөздер арқылы ұсынылады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі пікір алуандығы кей жағдайда қоғамда діни мәселелер бойынша түсініспеушіліктер мен қайшылықтарды күшейтеді. Дәстүрлі діни құндылықтар мен заманауи көзқарастардың арасындағы алшақтық та осы ақпараттық кеңістікте айқын көрінеді.
Қазақстан тәжірибесіне назар аударсақ, Атырау облысында дін мен цифрлық ортаның өзара ықпалы белсенді түрде байқалады. 
Азаматтардың интернет арқылы радикалды идеяларға тартылуының алдын алу – қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта түрлі цифрлық құралдар мен технологиялар енгізіліп, олардың тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Сол құралдардың бірі – «Телеграм» мессенджерінде іске қосылған арнайы «АТО» боты. Бұл боттың негізгі мақсаты – интернет кеңістігінде таралатын күмәнді немесе қауіпті діни контентті анықтауға және оны бақылауға көмектесу. 
Бот «AIP» (Талдамалық интернет платформа) деп аталатын арнайы деректер базасымен байланыста жұмыс істейді. Бұл базаға жат ағымдарға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынған түрлі интернет-ресурстар енгізілген. Олардың қатарына радикалды мазмұндағы ақпарат көздері кіреді.
Жүйенің жұмыс істеу тәртібі қарапайым: әлеуметтік желілерде (мысалы, «Instagram», «TikTok», «ВКонтакте») жеке парақшасы бар қолданушылар өз аккаунттарында кездесетін күмәнді немесе қауіпті діни контентті (сілтемелерді) осы бот арқылы тексере алады.
Яғни, олар белгілі бір сайтқа немесе парақшаның сілтемесін ботқа жіберу арқылы оны арнайы базаға енгізеді.
Осының нәтижесінде: қауіпті контент жедел анықталады, ол туралы ақпарат орталықтандырылған базаға жиналады, мамандар бұл деректерді талдап, қажетті шаралар қабылдай алады, радикалды идеялардың таралуының алдын алу мүмкіндігі артады.
Бұл құрал, әсіресе, жастар арасында интернеттегі ақпаратты бақылауды күшейтуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, ол қоғам мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайтып, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, мұндай цифрлық шешімдер – онлайн-радикалдануға қарсы күрестегі маңызды әрі тиімді механизмдердің бірі. Дегенмен, оның нәтижелі болуы үшін азаматтардың ақпараттық сауаттылығы жоғары болуы және күмәнді контентке бейжай қарамауы қажет.
Ақпараттық қоғам жағдайында дін жаңа мазмұн мен жаңа формаға ие болуда. Бұл өзгерістер бір жағынан үлкен мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан маңызды сын-қатерлерді де туындатады. 
Сондықтан қазіргі қоғам үшін басты міндет – ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар ұстап жастарды сыни ойлауға үйрету болып табылады.
 
Материал Атырау қаласы бойынша 
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1198860?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді