
Қарағанды полицейлері 16 жастағы қызды құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. 10 сәуір күні Қарағанды қаласында патрульдік полиция қызметкерлері суицид әрекетінің алдын алып, кәмелетке толмаған қыздың өмірін аман сақтап қалды. Қызмет атқару барысында патрульдік полиция инспекторлары Жалғас Смағұлов пен Ғылымхан Қаратағанов Жедел басқару орталығынан Университетская көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйдің шатырында тұрған қыз туралы хабарлама алған. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер шатырдың ең шетінде қауіпті жағдайда отырған жасөспірімді байқайды. Жағдай дереу әрі байыпты әрекет етуді талап етті. – Біз қызбен байланыс орнатып, оны қауіпті қадамнан бас тартуға көндіруге тырыстық. Алайда ол біздің үндеуімізге жауап бермеді. Жағдайды жедел бағалап, кідірістің қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіне отырып, әріптесім екеуміз нақты әрекет етуге шешім қабылдадық. Шатырға көтеріліп, аса сақтықпен жақындап, қолайлы сәтті пайдаланып, оны жедел түрде қауіпсіз жерге шығардық, – дейді Жалғас Смағұлов. Басынан өткерген күйзелістің салдарынан жасөспірім есінен танып қалған. Полиция қызметкерлері оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жиғызғаннан кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Анықталғандай, құтқарылған қыз – қаланың 16 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында. Полицейлердің айтуынша, құтқару операциясы барысында олар өз өмірлеріне төнуі мүмкін қауіпке қарамастан әрекет еткен. Себебі басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу болды. Аталған оқиға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында полиция қызметкерлерінің жеделдігі, кәсібилігі және жоғары жауапкершілігінің нақты үлгісі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1198954?lang=kk

Жауап қалдыру