Астанада Yasin тұрғын үй кешенінің үлескерлері баспаналы болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Yasin тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, үлескерлерге салтанатты түрде пәтер кілті табысталды. Бүгін баспаналы болған жүздеген отбасы үшін бұл күн ерекше қуаныш пен жаңа өмірдің бастауы болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бастапқы құрылыс компаниясы тарапынан Yasin тұрғын үй кешенін салу жұмысы 2022 жылдың тамыз айында басталған. Нысанды 2023 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланғанымен, қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан құрылыс қарқыны баяулаған.

2024 жылдың I тоқсанында нысанның дайындық деңгейі шамамен 40% болған. Сонымен қатар сыртқы және ішкі инженерлік желілер толық жүргізілмеген, ал жер учаскесіне қатысты құжаттар толық рәсімделмеген.

Кейін жобаға Mabex Group жеке инвесторы тартылып, соның нәтижесінде құрылыс толық аяқталды. 2026 жылғы 11 сәуірде Yasin тұрғын үй кешенінің жүздеген үлескеріне пәтер кілті табысталды.

«Тұрғын үйде 310 пәтер бар. Ал бүгін жүздеген үлескерге пәтер кілті табысталып отыр», – деді Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Ернұр Баймұсаев.

Кілт табыстау рәсімі барысында тұрғындар жаңа пәтерлерін қабылдап алып, өз әсерлерін айтты.

«Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Бұл пәтерді екі жыл күттік. Осы уақыт ішінде түрлі қиындықтар болды, бірақ соның бәрі артта қалды. Бүгін өз үйіміздің кілтін қолымызға алып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Бұл біздің отбасымыз үшін жаңа өмірдің бастауы», – деді пәтер кілтін алған тұрғын Талғат Қайкенов.

Айта кетейік, тұрғын үй кешенінде заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Аула аумағында балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтары жабдықталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1199018?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді