Ғылым күні қарсаңында Сәтбаев университетінде жаңа зертханалар мен TECHNOPARK STROYTECH ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ғылым күні қарсаңында Сәтбаев университетінде жаңа зертханалар мен TECHNOPARK STROYTECH ашылды

Ғылым күні қарсаңында Сәтбаев университеті жаңа зертханаларымен таныстырды. Олар нақты сектордың сұранысына сай зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, университеттің ғылыми жұмысының қолданбалы бағытын күшейтеді. Ғылыми алаңдардың жұмысымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек танысты. Ол мерекелік іс-шаралар аясында университетке арнайы келді.

Сәтбаев университеті 90 жылдан астам уақыт бойы инженерлік ғылымдарды өндіріс саласымен тығыз байланыста даярлап келеді, ал оның қызметі практикалық нәтижеге бағытталған. Жаңа зертханалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина және экология, гидрогеология мен құрылыс салаларында сұранысқа ие зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Гидрогеохимиялық зерттеулер зертханасы жерасты суларының химиялық құрамын зерттеу, олардың сапасын мониторингтеу және геохимиялық процестерді талдау үшін негізгі алаңға айналады. Дәл осы жерде «Көкжиде» стратегиялық маңызды жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Қазақстанның мұнай өндіретін маңызды өңірлерінің біріндегі су ресурстарының жай-күйі мен экологиялық тәуекелдерді бағалауға арналған ғылыми база қалыптастырылды. Келесі кезеңде су ресурстарын сақтау және жауапты жер қойнауын пайдалану үшін қажетті тұщы су мониторингінің алғашқы цифрлық платформасын құру жоспарлануда.

Молекулалық биотехнология және масс-спектрометрия зертханасы биотехнология, экология, медицина және аграрлық ғылым салаларындағы зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Оның бірегейлігі – заманауи әдістерді, соның ішінде молекулалық-генетикалық талдауды қолдана отырып, майлы дәнді-дақылдардағы бұрын белгісіз қосылыстарды анықтай алуында. Бұл – Қазақстандағы молекулалық биология, биотехнология және жоғары дәлдікті аналитика бір базада біріктірілген алғашқы ғылыми алаңдардың бірі.

«Біз ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту бағытында ғылымды трансформациялап отырмыз, – деді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. – Ол үшін ғылымға жеке инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасаймыз және бүгінде бұл жұмыстың нақты нәтижелерін көріп отырмыз: ғылыми әзірлемелер нақты технологиялар мен ел экономикасына қажетті шешімдерге айналуда».

Жаңа ғылыми инфрақұрылымда TECHNOPARK STROYTECH ерекше орын алады. Бұл – жетекші университеттер жанынан ғылыми-технологиялық парктер құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында құрылған Халықаралық құрылыс және технологиялар трансферті орталығы. Орталық ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, инновациялық жобаларды идеядан бастап коммерцияландыруға дейін сүйемелдейді. Оның басты артықшылығы – Midas GTS NX бағдарламалық кешенін пайдалана отырып геотехникалық модельдеу саласындағы құзыреттері. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының ішінде бұл мүмкіндікті тек Сәтбаев университеті иеленген. Бұл университетке жоғары дәлдікпен күрделі инженерлік 3D-модельдер жасауға тамаша мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек университеттің ғылым мен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдары мен қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.

Қазақстандық ғалымдар өздерінің кәсіби мерекесін жыл сайын 12 сәуірде – Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде атап өтеді. Оның есімі Қазақстандағы ғылыми көшбасшылық пен инженерлік прогрестің символы болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1199033?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді