
2026 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Республикасының төрағалығымен онлайн форматта Алматы процесінің жоғары лауазымды тұлғаларының он бірінші кездесуі өтті.
2013 жылы құрылған Алматы процесі халықаралық көші-қон және босқындарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өңірлік үкіметаралық консультациялық тетік болып табылады. Бұл платформа Орталық Азия мемлекеттері мен серіктестерін бірлестіріп, келісілген тәсілдерді қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және өңірлік диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде кіріспе сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Күзенбаев Э.Қ. Алматы процесінің мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты алаңы ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан ынтымақтастық негізгі бағыттар бойынша, оның ішінде көші-қон ағындарын басқару және мигранттардың құқықтарын қорғау салаларында жүйелі ілгерілеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар 2026 жылғы мамыр айында Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде өтетін халықаралық көші-қон мәселелері жөніндегі екінші Форумға дайындық мәселелерін талқылады. Өңір елдерінің ортақ тәсілдері мен басымдықтарын көрсететін бірлескен мәлімдеме жобасын келісуге ерекше назар аударылды.
Кездесуге Алматы процесіне мүше мемлекеттердің, оның ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркия өкілдері, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер мен серіктес ұйымдар қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар сараптамалық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және бірлескен мәлімдеме жобасын келісудегі елеулі ілгерілеуді атап өтті. Қол жеткізілген уағдаластықтар халықаралық көші-қон мәселелері жөніндегі екінші Форумға дайындыққа маңызды үлес қосатыны және өңірлік күн тәртібін жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететіні атап өтілді.
Қазақстан Алматы процесін одан әрі дамытуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және теңгерімді әрі жауапты көші-қон саясаты қағидаттарын ілгерілетуге белсенді түрде жәрдемдесуге дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kqon/press/news/details/1199102?lang=kk

Жауап қалдыру