
Мереке барысында тұрғындар мен жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, гір көтеру, арқан тартыс, асық ату, қол күрес, садақ ату сынды сайыстар жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өзара бақ сынасты. Сонымен қатар, «Аяулы жас келін – 2026» байқауы ұйымдастырылып, жас келіндердің өнері мен шеберлігі көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі тақырыптағы көрмелер де қойылып, қолөнер бұйымдары мен ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды.
Мерекенің ашылу салтанатында аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өз сөзінде Наурыз мейрамының татулық пен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың символы екенін атап өтіп, тұрғындарға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен береке тіледі. Сонымен қатар, аудан әкімі мерекелік алаңда тігілген киіз үйлерді аралап, әр ауылдық округтің дайындаған көрмелерімен және ұлттық дәстүрге негізделген қойылымдарымен танысты.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, аудан өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтар дәріптелген бұл мереке көпшіліктің есінде жарқын естелік болып қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-zhanasemey/press/news/details/1199151?lang=kk

Жауап қалдыру