
Түркістан облысының әкімі Н.Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданында индустриялық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында өндірістік парктың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жоба аясында жалпы аумағы 2 гектар жер телімі бөлініп, өндірістік мақсаттағы 5 ангардың құрылысы қолға алынған. Құрылыс жұмыстарын «Нүрі-Л-Жетісай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Өткен аптаның соңында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков нысанға арнайы барып, құрылыс барысымен толық танысты. Жұмыс сапасы мен қарқынын бақылауға алды. Оның айтуынша, барлық құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Қазіргі таңда өндірістік парктегі 5 ангардың 2-еуінде жабын жұмыстарын жүргізу кезеңі басталған. Жобаны 2026 жылдың 1 мамырына дейін толық аяқтау жоспарланған. Белгіленген мерзімде өндірістік парктің инженерлік инфрақұрылымы мен барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілетін болады.
Өндірістік парктің аумағында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «EL KZ-2020» ЖШС-ның су мұнараларына арналған құбырлар өндіру зауыты, «BSS Express» ЖШС-ның термопанельдер, кафель және бетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орны, «Нұрғазы» ЖК-ның көкөніс пен ет өнімдерін сақтауға арналған заманауи тоңазытқыш кешені, «Жайлимшиева Сәуле» ЖК-ның мұзқант (набат) өндіру цехы және «Данияр» ЖК-ның полиэтилен қапшықтарын өндіретін цехтары іске асатын болады.
Бүгінгі таңда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында тиісті меморандумдар түзілген.
Айта кетейік, өндірістік парктің іске асырылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін болады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1199233?lang=kk

Жауап қалдыру