
2026 жылғы 10 сәуірде Алматы ҚЖШККА мәжіліс-залында Нейрохирургтер қоғамының отырысы өтті.
Іс-шара «Алматы қаласының нейрохирургтер қоғамы» қоғамдық бірлестігі аясында өтті. Бұл – өңір нейрохирургтерін біріктіретін кәсіби орта.
Отырысты медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты нейрохирург Марат Рабандияров жүргізді. Ол аурухана басшылығына ұсынылған алаң мен кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдіріп, мұндай тұрақты кәсіби басқосулар нейрохирургия қызметінің дамуына серпін беретінін атап өтті.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының директоры Алмаз Джувашев та: «Біздің аурухана үшін заманауи тәсілдер талқыланып, жаңа технология енгізілетін ашық кәсіби алаң болып қала беру маңызды. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді.
Кездесуде мамандар нейрохирургиядағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты, жаңа тәсілдерді тәжірибеге енгізу жолдарын қарастырды.
– Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирург маманы Дархан Жетпісбаев «Алматы ҚЖШККА нейрохирургиялық қызметіндегі жаңашылдықтар» тақырыбында баяндама жасады. Ол нақты клиникалық жағдайларға тоқталып, диагностика мен нейрохирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін көрсетті, ауруханада қолданылып жүрген жаңа әдістердің нәтижесін ұсынды.
– Реабилитолог, профессор Роман Юхт, омыртқа өзегінің тарылуына байланысты патологияларды жасушалық технология арқылы емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.
– Нейрохирург Берікбол Мусаев балалардағы I типті Киари аномалиясын диагностикалау мен емдеу мәселелерін қозғады.
– Нейрохирург Зарват Турдиев нейроинсульт қызметін ұйымдастыру тәжірибесін бөлісті.
– Нейрохирург Шарафаддин Маншарипов жедел ишемиялық инсульт кезінде тамыр бітелген науқастарды жүргізу тактикасы туралы баяндама жасады.
Отырыс барысында қатысушылар нейрохирургиялық көмектің өзекті бағыттарын талқылап, нақты клиникалық тәжірибеге негізделген шешімдерді ортаға салды. Баяндамалар кәсіби ортада жан-жақты талқыланып, өзара пікір алмасуға ұласты.
Мұндай кездесулер тәжірибелік медицина мен ғылыми ізденістің өзара байланысын нығайтып, саладағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге жол ашады.
Нейрохирургтер қоғамы аясындағы осындай отырыстар дәрігерлердің кәсіби өзара ықпалдастығын арттырып, саланың дамуына серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1199468?lang=kk

Жауап қалдыру