Жетісу облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Жетісу облыстық мәслихатының экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дәуітәлі Рауан Аманұлы баяндама жасады.

Күн тәртібінде Жетісу облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-202 «Жетісу облысының 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы», 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-200 «Жетісу облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Жетісу облысында «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларының тізбесін бекіту мәселелері қаралды.

Бюджетті нақтылау 2025 жылғы бос қалдық қаражаттарды тиімді пайдалану және өңірдің өзекті міндеттерін шешуге бағытталған. Қаржыландырудың елеулі бөлігі денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларын дамытуға көзделген.

Атап айтқанда, Балпық би ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтауға 27,4 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының ағымдағы шығыстарына қосымша 1,8 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде пациенттерді орфандық препараттармен қамтамасыз ету, медициналық мекемелерді жөндеу, медициналық жабдықтарды сатып алу және материалдық-техникалық базаны нығайту бар.

Сондай-ақ, саябақтарды абаттандыруға, инженерлік инфрақұрылымды жөндеуге және қалалық ортаны дамытуға 5,7 млрд. теңге бағытталды. Бұдан бөлек, даму жобаларына 3,1 млрд. теңге көзделген, оның ішінде Балқаш көлінің жағалауында екі қоғамдық жағажай салу және тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын дамыту бар.

454,2 млн. теңге сумен жабдықтауды субсидиялауға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстауға бөлінеді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын жөндеуге, көше желісін дамытуға және жолаушылар тасымалын субсидиялауға 6,4 млрд. теңге қарастырылған.

Жетісу облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген өзгерістер аясында Талдықорған және Текелі қалаларының сыртқы келбетін жақсарту шаралары көзделген.

Ғимараттардың қасбеттерін жаңарту, бірыңғай сәулеттік стандарттарды әзірлеу, қалалардың брендбуктарын енгізу және көгалдандыру сапасын арттыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, аудандарды дамыту жоспарларына ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберіндегі іс-шаралар енгізіліп, негізгі капиталға инвестициялар бойынша көрсеткіштер түзетілді.

Жалпы алғанда, қабылданған өзгерістер бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан әрі Жетісу облысында «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларының тізбесі бекітіліп, үш негізгі жоба енгізілді. Олар:

Бірінші жоба – Текелі қаласындағы Металлург шағын ауданындағы ішкі орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту. Жоба аясында 9,449 км желі жаңартылып, 3500-ден астам тұрғын сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асыру мерзімі – 6 ай, 43 жұмыс орны құрылады. Жалпы инвестиция көлемі – 1,05 млрд. теңге.

Екінші жоба – Панфилов ауданында 110 кВ бір тізбекті электр беру желісін салу. Ұзындығы 50 км болатын желі мен қосалқы станция арқылы халықаралық әуежай қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Жалпы инвестиция көлемі – 5,76 млрд. теңге.

Үшінші жоба – қуат тапшылығын жою мақсатында Панфилов ауданындағы қолданыстағы ВЛ-110 кВ №107 электр жеткізу желісіне екінші тізбекті салу. Жоба аясында 168 км желі салынып, қосымша 30 МВт қуат беріледі. Инвестиция көлемі – 2,12 млрд. теңге.

Аталған жобаларды іске асыру Панфилов ауданындағы арнайы экономикалық аймақты және инвестициялық даму нысандарын сенімді әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге, құрылыс мерзімдерін қысқартуға және толық бітіріп беру тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі мәселелер депутаттар тарапынан жан-жақты қаралып, мәслихаттың XXXVI кезекті сессиясының қарауына енгізілді.Конец формы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1199546?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді