
Астанада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысы мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылауға «Самұрық-Қазына» қорының, «QazaqGaz», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының, «ҚМГ Қарашығанақтың» басшылығы және акционерлер қатысты.
Энергетика министрі қуаттылығы жылына 5 млрд м³ дейін газ өңдейтін Қарашығанақ ГӨЗ-ін салу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және Газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарының негізгі элементі екенін атап өтті. Жобаның басты мақсаты — ішкі нарықтың тауарлық газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу және тарихи тұрғыда Орынбор ГӨЗ-іне тәуелді өңдеу қуаттарын әртараптандыру арқылы импортқа тәуелділікті төмендету.
Кездесу барысында Ерлан Ақкенженов жобаның іске асырылу барысы туралы есептерді тыңдады: қазіргі уақытта жобаның экономикалық тиімділігі расталды және Қытайдың «CITIC Construction» корпорациясымен ынтымақтастықтың базалық принциптері туралы келісімге қол қойылды. FEED (базалық жобалау) кезеңіне дайындық жүріп жатыр, сондай-ақ жер учаскесі, инфрақұрылым және шикізат базасымен қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда.
Стратегиялық жобаның бірыңғай операторы болып «QazaqGaz» ұлттық компаниясы белгіленді. Бұл шешім практикалық іске асыру сатысына жедел өту қажеттілігінен және компанияның ірі газ активтерін басқарудағы ұзақ мерзімді бейінді тәжірибесіне байланысты қабылданды.
Қатысушылар Қарашығанақ жобасының шетелдік акционерлерімен келіссөздер барысына ерекше назар аударды. Министр шикі газды кепілді жеткізу, баға белгілеу (ішкі нарықтың рентабельділігін қамтамасыз ету үшін әділ босату бағасын қалыптастыру) және зауытты кен орнының қолданыстағы инфрақұрылымымен интеграциялау (brownfield) мәселелерін тезірек реттеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кеңес барысында газды кәдеге жаратқаны үшін төлем механизмін (Evacuation fee) әділ реттеу мәселесі көтерілді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келіссөздердің созылуы жобаның белсенді құрылыс кезеңіне өтуіне кедергі келтіріп отырғанын айтты.
«Қазақстан үшін бұл зауыттың маңызы зор, сондықтан жобаның басталу мерзімін шексіз кейінге қалдыруға жол берілмейді. Мемлекетке нәтиже керек. Жоба қарқынды түрде және біздің ұлттық экономикалық мүдделерімізге толық сәйкес іске асырылуы тиіс. Консорциумнан сындарлы және жедел ұстаным күтеміз», — деп қадап айтты Ерлан Ақкенженов.
Кеңес қорытындысы бойынша Министр мемлекеттің ұстанымы өзгермейтінін: жоба ұлттық мүдделер үшін барынша тиімді жүзеге асырылуы керек екенін, ал барлық қатысушылармен ортақ мәмілеге келу — жақын болашақтағы басым міндет екенін жеткізді. Тапсырмалардың орындалуы мен жобаның іске асырылу барысы ерекше бақылауға алынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1199812?lang=kk

Жауап қалдыру