
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы салалық телеарналар көктемгі телемаусымда мазмұндық бағытын жаңартып, көрерменге сапалы әрі сан қырлы контент ұсынды.
Qazsport телеарнасы спорт жанкүйерлеріне әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды тікелей эфирде көрсетуді жалғастырады. Арна тәулігіне 12-14 сағат тікелей эфирде жұмыс істейді. Алдағы уақытта футболдан әлем чемпионаты, жазғы Азия ойындары және өзге де халықаралық турнирлер көрермен назарына ұсынылмақ.
Abai TV телеарнасы жаңа маусымға 17 жоба дайындады. Олардың қатарында ұлттық музыканы насихаттайтын «Қосалқа» бағдарламасы бар. Жобада күйшілік және әншілік мектептердің ерекшеліктері, сондай-ақ олардың көрнекті өкілдерінің шығармашылығы таныстырылады. Халық жадында көмескі тарта бастаған көне жауһар күйлер мен әуендер қайта жаңғырып, көрерменге жаңа қырынан ұсынылады. Сонымен қатар арна эфирінен «Опера крупным планом», «Пока все вместе», «Өрнек» және «Пайым» жобалары көрсетіледі. Телеарна контентінің шамамен 30 пайызы ғылым бағытына арналған. Атап айтқанда, «Ғылым тілі», «Время науки», «Ғылым жаңалықтары» бағдарламалары тұрақты түрде эфирге шығады. Бұдан бөлек, «Сарасөз», «Үркер», «Ұмытпаймыз», «Вечные ценности» жобалары өз жалғасын табады.
Balapan телеарнасы ұсынған жаңа жобалардың қатарында «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары» анимациялық сериалы мен Отан қорғаушылар күніне орай әзірленген алғашқы әскери-патриоттық «Шекарашы балақай» мультхикаясы бар. Сонымен бірге «Әл-Фараби», «Экобек», «Теңгетай», «Кел, балалар, оқылық!» сияқты бірқатар жобаның дайындық жұмыстары басталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1200058?lang=kk

Жауап қалдыру