
Маңғыстау облысында сотталған азаматтар арасында шығарма байқауы өтті.
Іс-шара Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде ұйымдастырылды. Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылар өз өмір жолы, қазіргі жағдайы және бостандықтағы болашағы туралы ашық ой бөлісті.
Мекеме бастығы әділет полковнигі Сансызбай Аминовтың мәліметінше, байқаудың негізгі мақсаты – сотталғандардың рухани дамуына ықпал ету, жауапкершілік сезімін қалыптастыру және оларды жаңа өмірге бағыттау.
Қатысушыларға үш тақырып ұсынылды: «Менің түзелуге және жаңа өмірге бастар жолым», «Мен үшін бостандық пен жауапкершілік нені білдіреді» және «Бостандыққа шыққаннан кейінгі болашағымды қалай елестетемін».
Сотталғандар өз шығармаларында өткен өміріне талдау жасап, жіберген қателіктерін саралап, алдағы өмірге деген жоспарлары мен үміттерін шынайы жеткізген.
Байқауды бағалау үшін арнайы әділқазылар алқасы құрылды. Оның құрамына мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Азат Шабиков, Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Маңғыстау облысы бойынша өкілі Аслан Кужиев, сондай-ақ “Ақниет” ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының өкілі Асланбек Тыныштықов енді.
Әділқазылар қатысушылардың жұмыстарын мазмұнының тереңдігі, шынайылығы және ой жүйелілігі бойынша бағалады.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар сотталған азаматтардың өзін-өзі тануына, қоғамға қайта бейімделуіне және заңға құрметпен қарауына оң ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-mangystau/press/news/details/1200095?lang=kk

Жауап қалдыру