
Өрттерді сөндірудің қиындауына әкелетін себептердің бірі – тұрғын үйлерге өрт сөндіру техникасының кіріп-шығуына ретсіз түрде қойылған автокөліктердің кедергі келтіруі.
ШҚО ТЖД қызметкерлері мен полиция өкілдері бұл мәселені өз көздерімен көру үшін профилактикалық рейд жүргізді. Облыс орталығында көптеген аулаларда жеке автокөліктердің ретсіз тұраққа қойылуы өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде өрт сөндіру және арнайы техниканың еркін қозғалуына және орналастырылуына кедергі келтіреді.
Ал Қазақстан Республикасының Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 164-тармағына сәйкес: «Ғимараттарға, құрылыстарға, сыртқы сатыларға және өртке қарсы су көздеріне апаратын жолдар, кіреберістер мен өтпелер жарамды күйде ұсталып, өрт сөндіру техникасының еркін өтуіне қолжетімді болуы тиіс».
Өрт болған жағдайда өрт сөндіру көліктерінің үйлерге жақындауы, өртті сөндіру, адамдарды эвакуациялау үшін автосатыларды орнату және жауынгерлік орналастыру жұмыстарын жүргізу қиындайды.
Кейбір көліктер тұрғын үйлердің кіреберістерінің жанында ұзақ уақыт бойы тұрып қалады, соның салдарынан жағдай күрделене түседі. Мұндай жағдайда автокөлік иесі көлігін қауіпсіз жерге ауыстыру арқылы құқық бұзушылықты жоя алады. Ал егер иесін ұзақ уақыт табу мүмкін болмаса және көлік адамдардың өміріне қауіп төндіретін кедергі келтірсе, тиісті шаралар қабылданады.
Құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Аталған бапқа сәйкес: «Жолдың жүру бөлігінде көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу, басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіруге әкеп соққан жағдайда – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Ағымдағы жылы өңірде көлік құралдарын тоқтату және қою қағидаларын бұзып, басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіргені үшін 270-тен астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құтқарушылар тұрғындарға ескерту жасайды: құтқару қызметтерінің жұмысына кедергі келтірмей, тұрғын үйлердің кіреберістерінің маңына көлік қоюдан аулақ болу қажет. Төтенше жағдай кезінде әрбір минут қымбат, кез келген кідіріс адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1200431?lang=kk

Жауап қалдыру