Ақтөбеде оқушылардың жазғы демалысының жаңа форматтары таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбеде білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның қатысуымен брифинг өтіп, онда жазғы науқанға дайындықтың негізгі бағыттары мен балаларды ұйымдастырылған демалыспен қамту шаралары таныстырылды.
Алдағы жазғы маусымда облыс бойынша 177 мыңнан астам баланы қамту жоспарлануда. Бұл үшін 7 сауықтыру орталығы, 702 мектеп жанындағы лагерь және 49 жазғы алаң жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар маусымдық және жыл бойғы лагерьлерде ауысымдар ұйымдастырылып, республикалық және өңірлік балалар орталықтарына жолдамалар қарастырылған.
Бес маусымдық лагерь бір ауысымда 1 300-ден астам баланы қабылдай алады, ал жаз бойы жалпы 8 мыңнан астам оқушы демалады. «Күншуақ» және «Әсем» жыл бойғы лагерьлері 2,5 мыңнан астам баланы қамтиды. Сондай-ақ 227 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық орталықтарында демалуға мүмкіндік алады. Мектеп жанындағы лагерьлер үш ауысымда жұмыс істеп, 166 мыңнан астам оқушыны қамтиды.
Әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылып отыр: әлеуметтік осал санаттағы 14 мыңға жуық бала тегін демалыспен қамтылады.
Демалыспен қатар оқушылар үшін еңбекпен қамту және дамыту бағыттары да қарастырылған. Атап айтқанда, «Жасыл ел», «Мектеп орманшылығы» және «Спарта» еңбек жасақтарында 713 бала жұмыс істейді. 35 мыңнан астам оқушы туристік сапарларға қатысса, 25 мыңнан астамы жазғы білім беру алаңдарында демалады.
Брифинг барысында жазғы демалыстың инновациялық форматтарын енгізуге ерекше назар аударылды. Биыл өңірде алғаш рет заманауи дағдыларды дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, цифрландыру аясында «AI демалыс» жобасы жүзеге асырылып, оқушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың негіздерін меңгереді. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында балалардың экологиялық ойлауын қалыптастыруға бағытталған «Экосана» жобасы іске қосылады.
Тағы бір маңызды жаңашылдық — Қобда ауданындағы «Әлия» жазғы лагерінде «Шабандоз» жобасының іске қосылуы. Бұл жоба аясында қатысушылар жылқыға күтім жасау, қауіпсіз атқа міну ережелері мен ұлттық ат спорты элементтерін үйренеді. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарды сақтауға және практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1200957?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді