
Қазалы ауданы аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Жанкент» қалашығына арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай өткізілді. Пресс-турды Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Рахманбергенова Қарлығаш, Қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Жұмахмет Бақытбек және Жанназарова Сапура, аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Әуезхан Жұлдызай бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның алғашқы бөлімі «Руханият» орталығында орналасқан Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінде танымдық экскурсиядан бастау алды. Музейдің ғылыми қызметкері Тілеуқабыл Жанат қатысушыларды туған өлкенің терең тарихы мен бай мәдени мұрасымен таныстырып, қорда сақталған құнды жәдігерлердің ерекшеліктері туралы мәліметтермен бөлісті.
Пресс-тур әрі қарай ежелгі өркениет ордасы – «Жанкент» қалашығына жалғасты.
БАҚ өкілдеріне Жанкент ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, Жанкент ауылдық жастар ұйымының төрағасы Мырзалиев Талап II–XI ғасырлар аралығында Оғыз мемлекетінің астанасы болған тарихи мекеннің археологиялық орындарымен таныстырып, көне шаһардың өткені мен құндылықтары туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Жанкент қалашығы – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағында, Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр қашықтықта орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Жанкент (Жент, Янгикент) VII–IX ғасырлар аралығында гүлденген ортағасырлық қала ретінде белгілі. Бұл қала бір кездері оғыз тайпаларының саяси орталығы ғана емес, сонымен қатар ірі сауда және мәдениет ошағы болған.
Бүгінде Жанкент қалашығы Қазақстанның ортағасырлық тарихын, әсіресе түркі-оғыз өркениетін зерттеуде аса маңызды археологиялық нысан ретінде бағаланады.
Осындай тағылымды шаралар ұлттық мұраны дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртуға, өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосатыны сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-orkendeu/press/news/details/1200959?lang=kk

Жауап қалдыру