Елордада қайыр сұрау мен азаматтарға заңсыз тиісу деректерінің жолын кесу жұмыстары күшейтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада қоғамдық орындарда қайыр сұрау және азаматтарға түрлі жолмен тиісу фактілерін анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күн сайын осындай құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдауда.
Қоғамдық орындарда кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын тұлғалардың азаматтарға тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сату, айырбастау мақсатында, сондай-ақ бал ашу, қайыр сұрау немесе өзге де қызметтер көрсету мақсатында мазасын алуы әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады
Елорда тек туристерді ғана емес, жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылатын адамдарды да тартады. Көп жағдайда қайыр сұраумен шетел азаматтары айналысады.
Тексеру барысында азаматтардың жеке басы анықталып, олардың ел аумағында болу заңдылығы тексеріледі. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін есепке қою және сот шешімі болған жағдайда елден шығару шаралары қолданылады.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда қайыр сұрау мақсатында азаматтарға тиісу фактілері бойынша 17 шетел азаматы ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, бірқатар жағдайларда соттар оларды елден шығару туралы шешім қабылдады.Мұндай құқық бұзушылықтар көбінесе ірі сауда орталықтары, базарлар мен қалалық саябақтар аумағында тіркеледі.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері қараусыз қалу және қайыр сұрау фактілеріне байланысты 80-нен астам кәмелетке толмаған шетел азаматы Балаларды қолдау орталығына жеткізілді.
Кәмелетке толмағандарды қайыр сұрауға тарту фактілері анықталған жағдайда олардың заңды өкілдері жауаптылыққа тартылады. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша кәмелетке толмаған шетел азаматтарының 10 заңды өкілі жауапкершілікке тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыс тек азаматтардың өтініштері негізінде ғана емес, «Мигрант» және «Заңсыз келуші» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында да жүргізілуде.
Жүргізіліп жатқан жұмыс қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын қайыр сұрауды қолдамауға және мұндай фактілер туралы, әсіресе кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жағдайда, дереу хабарлауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1201726?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді