Ақмола облысында егіс науқанына дайындық мәселесі талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың, сондай-ақ аграрлық сектордың 600-ден астам өкілінің қатысуымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.

«Ақмола облысы қатарынан екінші жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары бағасына ие болып, аграрлық сектордың көшбасшысы ретінде және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің «жүрегі» мәртебесін нығайтып отыр.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2 трлн теңгеге жетіп, 15,9%-ға артты. 2026 жылы бұл көрсеткішті 1,3 трлн теңгеге жеткізу міндеті қойылды.

Жаздық егіс 5,4 млн гектар алқапта жүргізіледі деп жоспарлануда. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда: майлы дақылдар көлемін 600 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ мал азығы базасын 450 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланған», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, егіс науқанына дайындық деңгейінің жоғары екені айтылды: шамамен 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Аграршыларды жанар-жағармаймен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және басқа да ресурстармен уақытылы қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік қолдау айтарлықтай деңгейде сақталуда: қарастырылған 85,5 млрд теңге субсидияның 56,6 млрд теңгесі төленді, оның ішінде «Кең Дала 2» бағдарламасын қоса алғанда, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жүзеге асырылуда.

«Бүгінгі таңда ел бойынша ауыл шаруашылығы техникасының егіс науқанына дайындығы 97%-ды құрайды, ал бір жыл ішінде техника паркі 6,5%-ға жаңартылды. Жалпы өнімнің өсуіне Ақмола облысы айтарлықтай үлес қосып отыр, мұнда соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешен қарқынды дамып, өндірілетін өнім көлемі жыл сайын артып келеді», – деді Азат Сұлтанов.

Кеңес аясында ғылым, агробизнес және ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері тыңдалып, дақылдарды өсіру технологиялары, мал азығы базасын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және тәуекелді егіншілік жағдайында ауыл шаруашылығын жүргізу ерекшеліктері талқыланды. Сондай-ақ алдағы маусымдағы өрт қауіпсіздігі шараларына назар аударылды.

Іс-шара аясында «AgroKokshetau-2026» көрмесі өтті. Көрмеге агроөнеркәсіптік кешенге арналған заманауи шешімдерді ұсынған 50-ге жуық отандық компания қатысты – ауыл шаруашылығы техникасы мен өсімдіктерді қорғау құралдарынан бастап сақтау, өңдеу және ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы инновациялық технологияларға дейін. Қатысушылар агробизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды жабдықтар мен әзірлемелерді таныстырды.

Іс-шараның маңызды бөлігі Ақмола облысы колледждерінің қатысуымен өткен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» болды. Оқу орындары сұранысқа ие аграрлық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын, соның ішінде ауыл шаруашылығы дрондарының операторын таныстырды.

Кеңес қорытындысы бойынша егіс алқаптарының құрылымын түзету, аграршыларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету және көктемгі дала жұмыстарын жүргізу тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1201734?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді