«КЕКІЛБАЕВ ТҰЛҒАСЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік басқару академиясында қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен қызметіне арналған «Кекілбаев тұлғасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараның мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының өнегелі өмір жолын мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын жастар арасында насихаттау, оның тұлғалық және кәсіби мұрасын дәріптеу. Тұсаукесер рәсіміне жазушының ұрпақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай құттықтау сөзінде мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық әлеуетін дамыту бағытында «Тұлғатану» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

Агенттік төрағасы өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбіш Кекілбайұлы туралы пікірін келтірді: «Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбайұлы нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды». Сондай-ақ Әбіш Кекілбайұлының өмір жолы шығармашылық пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүруімен ерекшеленетінін айтты. Ол Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Парламент депутаты ретінде ел дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға қызмет еткенін айрықша атап өтті.

Кітапта Әбіш Кекілбайұлының өмірінің әр кезеңі, шығармашылық және қоғамдық-саяси қызметі, тұлғалық қалыптасу жолы жан-жақты қамтылған. Сонымен қатар, оның адамгершілік қасиеттері, күрделі кезеңдерде шешім қабылдаудағы көрегендігі, мемлекетшілдік ұстанымы, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі кеңінен баяндалады. Жинаққа замандастарының естеліктері, пікірлері мен тарихи деректер енгізілген. Кітап авторлары – Ұлан Айхожа мен Абай Сейфулла.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Тұлғатану» бағыты аясында жүзеге асырылып отырған жұмыстардың жалғасы. Бұған дейін осы бастама шеңберінде жарық көрген «Сапарбаев тұлғасы» кітабы оқырмандар тарапынан оң бағасын алған. Ал «Кекілбаев тұлғасы» кітабы осы рухани сабақтастықтың заңды жалғасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1201827?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді