
Мектеп оқушыларының игі іске қосқан үлесі
2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы өмірімізге берік еніп, нақты нәтижелерін көрсетуде – елді мекендер көз алдымызда өзгеріп, тазарып, жасыл желек пен алуан түсті гүлдерге бөленуде. Ғимараттар да жаңарып, заман талабына сай көркейіп келеді.
Биыл Зеренді ауылында маңызды оқиғалардың бірі – Ұлы Отан соғысы қатысушыларына арналған ескерткішті қайта жаңғырту жұмыстары. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде, мамыр айының басында жаңартылған кешен алғашқы келушілерді қабылдайды деп жоспарлануда.
Бүгінгі күні ескерткіш аумағының қоршауы қалпына келтіріліп, бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ, майдангерлердің есімдері қашалып жазылатын естелік қабырғалары бой көтерді. Бірнеше ондаған жыл бұрын орнатылған бұл ескерткіш зеренділіктер үшін киелі орын саналады. Мұнда олар тек Жеңіс күні ғана емес, өзге күндері де келіп, бейбіт өмір үшін жанын қиған жандарға тағзым етіп, құрмет көрсетеді.
Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл орын өзінің айбындылығымен, тыныштығымен және ерекше үйлесімімен жергілікті тұрғындар мен қонақтардың назарын аударатын, жүректерге ризашылық сезімін ұялататын қасиетті мекенге айналмақ. Бұл жер әрбір адамға бейбіт өмірдің қандай бағамен келгенін, оның қаншалықты нәзік екенін ұғындырады.
Кеше ескерткіш аумағын абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған акция өтті. Оған Зеренді ауылындағы үш мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар, аудан әкімі Әсет Құрманғожин мен аудан әкімінің орынбасары Серік Исаханов та көшет отырғызу жұмыстарына қатысып, оқушыларға үлгі көрсетті.
Бірнеше сағаттың ішінде ескерткіш маңы толық ретке келтірілді. Одан кейін қарағай көшеттерін отырғызу басталды. Барлығы 81 түп көшет егілді – бұл 1945 жылғы Жеңіс салютінен бері өткен жылдар санына сәйкес келетін символдық көрсеткіш.
Оқушылар үшін бұл акция туған жерге деген патриоттық сезімнің көрінісі, ата-бабалардың ерлігі мен батырлығын мәңгі есте сақтау ісіне өз үлестерін қосуға деген ұмтылыс болды. Олар жұмысты аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен атқарып, қарапайым сенбілікке ерекше мән берді.
«Бұл акция жасөспірімдеріміз үшін тарихымызды тереңірек түсінуге, туған өлкенің табиғаты мен халқымыздың тарихи мұрасына ұқыпты қарауға тәрбиелейтін маңызды тағылым болды», – деді Зеренді ауылдық округінің әкімі Нұртас Әбугалиев.
Материал авторы: Светлана КИМ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-zerendy/press/news/details/1203375?lang=kk

Жауап қалдыру