
Қазақстан Республикасының «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 26-бабы 1-1-тармақпен толықтырылды. Жаңа нормаға сәйкес, егер азаматтық-құқықтық шартта Еңбек кодексінің 27-бабында көзделген еңбек шартының кемінде бір белгісі болса, онда мұндай шартты жеке тұлғамен жасасуға жол берілмейді.
Сонымен қатар, еңбек шартына тән бір немесе бірнеше белгілерді қамтитын кез келген шарт, тараптардың оны қалай атағанына қарамастан, еңбек шарты ретінде танылады және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес құқықтық салдарға әкеледі.
Бұдан бөлек, Еңбек кодексінің 75-бабы 10-тармақпен толықтырылды. Жаңа өзгеріске сәйкес, жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде үстеме жұмыс сағаттары есептік кезеңдегі нақты жұмыс істелген уақыт пен белгіленген жұмыс уақыты нормасының арасындағы айырма ретінде анықталады. Бұл ретте мереке және демалыс күндері жұмыс істелген сағаттар есепке алынбайды.
Енгізілген өзгерістер еңбек қатынастарын заңдастыруға, қызметкерлердің құқықтарын тиімді қорғауға және жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1203416?lang=kk

Жауап қалдыру