
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Павлодар қаласындағы ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ авиациялық жасағына барып, 14 жыл пайдаланылғаннан кейін алғаш рет жүргізілген нысанды жаңғырту жұмыстарының аяқталуымен танысты.
Ведомство басшысы авиацияны дамыту ТЖМ қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Авиациялық жасақтар төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесінде ерекше рөл атқарып, құтқару операцияларының жеделдігін, ұтқырлығын және тиімділігін қамтамасыз етеді.
Жаңғырту жұмыстары авиациялық инфрақұрылымды пайдаланудың заманауи талаптарын ескере отырып жүргізілді. Жаңарту барысында бірқатар жұмыстар атқарылып, ішкі үй-жайлар жөнделді, жарықтандыру және электр жүйелері жаңғыртылды, құрылыс конструкциялары қалпына келтірілді, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылу қамтамасыз етілді. Жүргізілген шаралар нысанның пайдалану сипаттамаларын едәуір жақсартып, қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Мұнда жыл бойы ТЖ жоюға, соның ішінде қолжетімділігі қиын аудандарда, сондай-ақ санитариялық авиация желісі бойынша ұшуларды орындауға тартылатын ЕС-145 «Еврокоптер» тікұшағы тұрақты түрде орналасып, ұшуға әрдайым дайын күйде болады. Сондай-ақ ұшу және инженерлік-авиациялық құрамның қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, авиациялық техниканың тапсырмаларды орындауға тұрақты дайындығын қамтамасыз етеді.
Ангар әуе кемесін сақтау, техникалық қызмет көрсету және жууға, сондай-ақ жабдықтар мен қызметкерлердің жұмыс орындарын орналастыруға арналған.
Сондай-ақ Павлодар қаласы әуежайын реконструкциялау аясында ауыр санаттағы МИ-8 тікұшағына арналған авиациялық ангар салу үшін бөлінген учаске қаралды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1203833?lang=kk

Жауап қалдыру