Маңғыстауда «DARYN JOLY» олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

18 сәуір күні Жаңаөзен қаласында «DARYN JOLY» олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, озық ойлы оқушылар мен олардың ұстаздарын құттықтады.

Іс-шара барысында өңір басшысы жобаның ел болашағы – бәсекеге қабілетті білімді жастар буынын қалыптастырудағы мән-маңызын ерекше атап өтті:

— Бұл жай ғана олимпиада емес, бұл — жүйелі әрі мақсатты жұмыстың нақты нәтижесін көрсететін көрсеткіш. Біз педагогтердің кәсіби деңгейінің өсіп, оқушылар білімінің сапасы жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Бұл — бәсекеге қабілетті жаңа буынның қалыптасуының айқын белгісі. Бүгінде білім — ел дамуының басты ресурсы. Сіздерге барлық мүмкіндік жасалған: заманауи технологиялар бар, мемлекет тарапынан қолдау бар, білікті ұстаздар бар. Ең бастысы — тоқтап қалмай, үнемі алға ұмтылу. Сонда ғана сіздер жеке жетістікке жетіп қана қоймай, Қазақстанның болашағына нақты үлес қоса аласыздар, — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Аталған олимпиада оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «DARYN JOLY» ауқымды білім беру жобасының қорытынды кезеңі болып табылады. Жоба Жаңаөзен қаласы әкімдігінің, облыстық білім басқармасының, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның қолдауымен және «БІЛІМ – ИННОВАЦИЯ» қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

Жоба аясында 192 педагог біліктілігін арттырып, оқушыларға арналған қарқынды оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды.

Жобаның нәтижесі де айқын: Жаңаөзен оқушылары облыстық кезеңде 37 жүлделі орын иеленіп, 4 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Олардың бірі география пәні бойынша қола медаль жеңіп алды.

Салтанатты рәсім барысында 8 педагог облыс әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Абсолютті жеңімпаздарға Астана қаласындағы жазғы мектепке жолдамалар берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1204207?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді