
Астанада 25 сәуір күні жазғы веломаусымның ресми ашылуы өтеді. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ашылу аясында қалада велошеру өтеді. Маршруттың ұзындығы – 21 шақырым. Оған қатысушылар веложолдың айналма бағытымен Қосшы бағытында жүріп өтіп, Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.
Қатысушыларды тіркеу 25 сәуір күні сағат 07:30-09:00 аралығында жүргізіледі. Велошерудің басталуы – 09:00-де.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар саны – 700 адамға дейін.
«Биылғы дәстүрлі шара «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық акциялары аясында өтеді. Қала көшелерінде көлік қозғалысына шектеу болмайды, себебі іс-шара саябақ аумағында ұйымдастырылады. Қатысуға барлық жастағы қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Қатысу тегін, тек өз велосипедімен келуі қажет. Бұл тек велошеру ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамды біріктіру және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды іс-шара», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Іс-шара соңында тіркелген қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Велошеруді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1204296?lang=kk

Жауап қалдыру