
2026 жылғы 17–18 сәуір аралығында Өскемен қаласында «Біз өмір сүреміз!» халықаралық инклюзивті фестивалі аясында ерекше балаларға арналған ауқымды спорттық бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл жоба — Қазақстан мен Еуразия елдерінен келген мүмкіндігі шектеулі жастарды, сондай-ақ мәдениет пен білім беру саласының мамандарын біріктіретін бірегей әлеуметтік-мәдени бастама. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «St.ART» әлеуметтік-мәдени қоры тарапынан жүзеге асырылды.
Спорттық іс-шараның басты мақсаты — қатысушылардың командалық рухын қалыптастырып, олардың дене белсенділігін дамыту. Жеңіл атлетика манежінің базасында өткен жарысқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардан құралған командалар қатысты. Бағдарлама аясында «Көңілді старт» эстафеталары мен жеңіл атлетикадан 200 метрлік командалық жүгіру бәсекелері ұйымдастырылды. Қатысушылар жылдамдық, ептілік және өзара қолдау көрсету бойынша жоғары дайындықтарын танытты. Мұндай шаралар кедергісіз орта қалыптастыруға және әр баланың әлеуетін ашуға үлкен септігін тигізеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-sport/press/news/details/1204423?lang=kk

Жауап қалдыру